Астанада республикалық патриоттар форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада республикалық патриоттар форумы өтті

05.12.2018

«Мемлекеттік рәміздер – егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі». Осындай атаумен Астанада Қазақстан патриоттары форумы өтті. Іс-шара Елбасының «Рухани жаңғырудағы» идеяларын патриоттық күштерді біріктіру арқылы іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, форум аясында «Жыл патриоттары» анықталды.

Досымжан Ермұрат, тілші:

 «Өзегіңді үзе сүй өз еліңді». Форумға қатысқан 200 делегаттың ортақ ұстанымы - осы. Олардың дені - жастар. Барлығы әр саланың үздіктері. Олардың ұраны – «Отан үшін төгілмеген тер бекер, елі үшін еңбек етпеген ер бекер».

Жарқынбек Амантайұлы, форумға қатысушы (Павлодар облысы):

- Қоғамның қай түкпірінде жүрсек те, көшеде жүрсек те, елдің елдігі үшін үлес қосып жатырмыз, әрбір кемшілікті түзетуге біз де жауаптымыз деген ұғымды өз бойымызға сіңірсек, өзіміздің жауаптылығымызды сезінсек – патриотизм деген осы.

Форум барысында «Жыл патриоттары» анықталып, салтанатты түрде марапатталды. Мәдениет министрі 20 адамның кеудесіне жазуы латын қарпіне көшірілген Елтаңбаның кішірейтілген нұсқасын өз қолымен тақты. Құрмет көрсетілерде үздіктердің  мемлекеттік рәміздерді насихаттаудағы жыл бойғы еңбегі ескерілген.

Алдияр Қозыбаев, «Жыл патриоты»:

-  Біз Сарыағаш ауданында халықтың арасында патриоттық сезімді нығайту мақсатында насихат құралдарын көбейтеміз. Сол үгіт-насихат құралдары арқылы олардың бойына елдік, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастырсақ деген мақсаттарымыз бар. Бүгін сол еңбегімізді ескеріп жатқан болса керек.

Жалпы, патриоттар форумына әр өңірден 10 делегаттан қатысты. Әркім өз аймағына барғаннан кейін, жастарды жинап, алған әсерлерімен бөлісетін болады. Жыл сайын өтетін шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу