Су тапшылығынан егістік қурап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тапшылығынан егістік қурап барады

14.06.2014
Су тапшылығынан егістік қурап барады
Жамбыл облысында ағын судың жоқтығынан Байзақ ауданындағы бірнеше ауылдың шаруасы шайқалып, тірлігі тұралап тұр. Бау-бақша салып, егін егумен күнелткен жұрт не істерін білмей дал. Қуаңшылықтың қыспағына түскен егістіктің көбі әлі күнге бір рет те суарылмаған. Шаруаларға енді кенезесі кепкен алқаптағы егінін тастап кетуден басқа амал қалмай тұр.
 
Ағын судың жоқтығы Дәметіллә диханды діңкелетіп отыр. Жылда там тұмдап болса да, арыққа су келетін. Биыл ол да жоқ. 4 гектар жерге қарбыз егіп еді. Әлі нәр татпады. Жапырақ жая бастаған өскіндер көктей солғалы тұр.
 
Дәметіллә Жүнісбеков, шаруа:
Суды сәуір айынан бері күтіп отырмын. Міне, маусымның он төрті болды. Енді бес күн келмесе егістікті тастаймын да кетемін.
 
Құлақтың басында отырмаған соң Аққия ауылы жылда ағын суға жарымайды. Каналдың жоғары жағынан бөлінген судың тең жартысынан көбі жол жөнекей жерге сіңіп жоқ болады. Ақыр соңында шаруалар пайдаланбаған суына да ақы төлеуге мәжбүр. Оның үстіне екі ортада делдал да көп. Соның салдарынан судың бағасы өзгелердікінен екі еседей қымбат.
 
Темірхан Өмірәлиев, шаруа:
Осы суымыз алтынмен пара-пар. Өнім болған жылы судың қарызынан құтыламыз. Өнім болмаған жылы шығынға батамыз.
 
Шаруамен жан баққан жұрттың ендігі сенері тек табиғаттың жомарттығы ғана.
 
Алпысбай Байсақалов, шаруа:
Пайдалы дақыл еге алмайтын болған соң енді шөп шалам егуге тура келіп тұр. Су сұрамайтын арпа бар. Су сұрамайтын бидай бар. Әйтеуір жоңышқа егеміз. Соны орып алып, күн көріп жатырмыз.
 
Ағын судың аздығына арықтардың тазаланбауы да себеп. Байзақ ауданында 450 шақырымдай магистральді су жүйесі бар. Оның жартысының арнасын қамыс басып, табаны сазға толған. Ал оны аршып тазартуға жергілікті әкімдік қауқарсыздық танытып отыр.
 
Дулат Сұлтанбеков, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:
Проблема бар. Былтыр каналдарды тазалауға облыстық бюджеттен 92 миллион қаржы бөлінсе, ал биыл бар жоғы 7 миллион ғана бөлінді. Әлі де істелінетін жұмыс көп болып тұр.
 
Ауылдағылар ағын судан биыл тіптен күдерін үзді. Шамасы келген жұрт егістігінің басына құдық қазып, сорғымен суарып жатыр. Бірақ, енді олар экологтардан қорқып отыр. Өйткені, жер асты суын бей-берекет пайдаланғаны үшін шаруалар табиғат қорғаушылардың кәріне іліксе қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр.
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу