Тоқсанында темірден түйін түйген шебер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқсанында темірден түйін түйген шебер

03.12.2018

Өскемендік Петр Шинкарев тоқсанға келсе де, жергілікті кәсіпорында жұмыс істейді. Жылдар бойы бел жазбай еңбек еткен қария «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталды. Қарт маман металл өңдеуге арналған барлық қондырғының тілін терең меңгерген.

Берік Көшербай, тілші:

Қарт шебер әлі күнге дейін қондырғының қасында аяғынан тік тұрып жұмыс істейді. Петр Шинкаревтың қолынан шыққан дүниенің олқысы болған емес. Қарияның еңбек өтілі 65 жылдан асты. Еңбекке адал, ісіне мығым жан әркез абыройға бөленіп келеді.

Петр Шинкарев, металл жонушы:

- Жастарда әрдайым жұмыс болса деп тілеймін. Кезінде жұмыссыздық дегенді естімедік. Ерінбей еңбек ету керек. Қазір училищеден бізге балалар келіп жатыр. Жұмысқа деген ынталары бар, соған қатты қуанамын.

Темірден түйін түйген шебер - Өскемендегі танымал өнертапқыштардың бірі. Уақыт пен шығынды үнемдей отырып, еңбек өнімділігін арттыру үшін талай креативті идеяларды ұсынды. Онысы өндірісті өрге жетеледі. Еңкейген шағында істің ебін тапқан қария әріптестерін таңдандырып-ақ келеді. 

Талғат Гайсин, жұмысшы:

- Зауыттың ішінде жас бала сияқты жүгіріп жүріп жұмыс істейді. Мен тоқтатып алып, зейнеткерлікке шықтыңыз, сәл демалсаңызшы, деп айтамын. «Мен үйде жатсам, жүрегім ауырады, зауытта жүрсем, өзімді жас сезінемін», дейді.

Ерен еңбек елеусіз қалмайды. Тұңғыш Президент күнінде еліміздегі Машина жасаушылар одағы Петр Шинкаревқа «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісін табыс етті. Кәсібіне адал қарияның еңбексүйгіштігі - өскелең ұрпаққа үлгі.  

Ришат Асансеитов, Қазақстан Машина жасаушылар одағының атқарушы директоры:

- Кәсіптік-техникалық училище студенттерін мекемелерге апарып, өндірістегі жұмысты, жұмысшылар жағдайын көрсетеміз. Болашақта мамандық таңдау үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Петр Шинкарев техниканың да, заманауи құрал-жабдықтың да тілін жетік меңгерген. Немере-шөбересімен күнде бейнебайланыс арқылы хабарласып отырады. Сондай-ақ, ол әлі күнге дейін темір тұлпарды өзі тізгіндеп жүр.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу