Басты Жаңалықтар Елімізде кәсіптік стандарттар бекітіледі

Елімізде кәсіптік стандарттар бекітіледі

Бұл туралы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Еңбек нарығының болашағы: жаңа мүмкіндіктер» форумында мәлімдеді. Премьер-Министр 550 кәсіптік стандарт 2020 жылға дейін енгізілетінін жеткізді. Халықаралық жиында шетелдік сарапшылар да өз ұсыныстарын айтып, болашақта қай мамандықтарға сұраныс көп болатынын болжап берді.

 

Альбина Әшім, тілші:

7 жылда 2 миллион студент жоғары оқу орнынан түлеп шығады. Сондықтан, Үкімет алдында 2025 жылға дейін 1 миллион жаңа жұмыс орнын ашу міндеті тұр. Ал, өндірісті автоматтандырып, кәсіпорындарды цифрлық жүйеге көшіру жаңа мамандықтарға деген сұранысты арттырады. Ол үшін ілім мен білімге қаржы құю керек. Шетелдік сарапшылар осылай дейді.

Кейко Миуа, Дүниежүзілік банктің жаһандық білім беру жөніндегі директоры:

- Адами капиталға инвестициялардың маңызы зор. Оны бала кезінен ескеру керек. Біздің балаларымыз болашақта бүгіндері жоқ мамандықтармен айналысуы мүмкін. Сондықтан, оларға ең негізгі білімді бере отырып, кез келген жағдайға дайын болатындай әзірлеу керек.

Самир Беди, сарапшы:

- Бізде бір бағдарлама бар. Оның арқасында 25 жасқа толған кез келген азамат 500 сингапурлық доллар көлемінде несие ала алады. Ол ақшаны білімге жұмсайды. Грант іспеттес. Яғни, 25 жастан соң, университетті аяқтаған соң да оқу тоқтамайды.

 

Қазіргі еңбек нарығы ескі ережелерге өзгеріс енгізуді талап етіп отыр. Бүгіндері кеңседе емес, қашықтықта емін-еркін жұмыс істейтіндер көбейіп барады. Алайда, олардың жұмыс өтілі еңбек кітапшасына жазылмайды, кейде тиісті ақысы да төленбейді.

Жеңісбек Дулатов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің директоры:

- Олардың да құқықтарын бұзбай, уақытылы төлемдерін төлеп тұру керек. Фрилансерлер күніне екі сағат істей ме, үш сағат істей ме, оны да заңдастыру керек.

 

Цифрландыру мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылуына сеп болады. Жалпы, үйден шықпай-ақ интернеттің игілігін пайдаланып, еңбектену болашақта қалыпты жағдайға айналмақ.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу