Сарыбұлақ астаналықтардың жаңа демалыс орнына айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыбұлақ астаналықтардың жаңа демалыс орнына айналады

27.11.2018

Сарыбұлақ астаналықтардың жаңа демалыс орнына айналады. Бір кездері суы тартылып, арнасы лайлана бастаған бұлақтың көзін ашу жұмыстарын әкімдік мықтап қолға алды. 2011 жылы өзеннің 2 шақырымға жуық аумағы абаттандырылып, қалпына келтірілген. Алдағы 3 жыл ішінде қалған аумақты қалпына келтіру жоспарланып отыр. Тілші тарқатады.  

Сарыбұлақтың арнасы тарылып, суы азайғалы қай заман. Әкімдік бұлаққа екінші өмір сыйлайтын жоба қыруар қаржы бөліп отыр. Құрылыс компаниясының басшысы Сәрсенбек Жаппаровтың айтуынша, енді екі жылдан соң мына аумақ адам танымастай өзгереді. Жағалау жасыл желекке оранып, өзен маңы демалыс ошағына айналмақ. Қазіргі таңда, қайраң лайдан тазартылып, бетон құю жұмыстары жүріп жатыр.

Сәрсенбек Жаппаров, «Компания спецстрой» ЖШС басшысы:

Биыл 200 метр бетон береміз. Бар-жоғы 1200 метр. Келер жылға 1000 метрдей қалады.

Құрылыс жұмыстары жыл он екі ай тоқтамайды. Қазба жұмыстарын қыста жүргізген жеңілірек дейді мамандар. Өйткені, қыста жер асты суларының деңгейі төмен. Сарыбұлаққа төніп тұрған экологиялық апат сонау 80-ші жылдары алғаш айтыла бастаған. Соңғы жылдары бұлақ қоқыс тастайтын мекенге айнала бастағаны рас-дейді, әкімдіктегілер.

Жасұлан Қиматов, қалалық ортаны регенерациялау басқармасының маманы:

Жобаның негізгі мақсаты – жақын орналасқан үйлерді тасқын судан қорғау, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту.  

Бұлақтың соңғы 13 шақырымы Елорданың оң жағалауымен ағады. Дәл осы аумақта экологиялық мәселе өте өткір. 2011-2015 жылдары аралығында Сарыбұлақты қалпына келтіру жұмысының бірінші кезеңі табысты жүзеге асты.

Мереке Әбдірауықов, Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының бас маманы:

Қызыл шеңбер ішіндегі көлемі 14 гектар.  Ұзындығы 1680 метр.

Тілендиев көшесінен бастап, Есіл өзеніне дейінгі аумақ - қазір жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс мекені. 2021 жылға дейін Сарыбұлақтың бойы толығымен тазарып, абаттандырылмақ.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу