Тұрғындарды толғандырған тарифтер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындарды толғандырған тарифтер

27.11.2018

Коммуналдық қызметтердің тарифі – халықтың көкейкесті проблемаларының өзектісі. Президенттің пәрменімен жүргізілген әлеуметтік сауалнама осыны көрсеткен. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев қазан айындағы Жолдауында тұрғын үй Коммуналдық Шаруашылық саласын реттеуді қадап тапсырды.

Нақтырақ, Үкіметке тарифтерді төмендетуді және жұмысына салғырт қарап, бағаның негізсіз өсуіне жол бергендерді қатаң жазалауды талап етті. Содан бері де бір айдай уақыт өтті. Не өзгерді, не атқарылды?

59 мың теңге. Бұл – Елорда тұрғыны Индираның бір айда коммуналдық төлемдерге төлеуі тиіс сомасы. Үйі – ескі, екі бөлмелі пәтер небәрі 45 шаршы метр. Соған қарамастан, оған жарық, жылу, ыстық және суық суға ай сайын қомақты қаржыға төлем қағаздары келетіні қажытқан. 

Индира Қанатбекова, қала тұрғыны:

Қыркүйек айында 32 мың келген. Оның 14800 жарыққа келген. Неге ондай көп, есептеуіш құрал басқа көрсетіп тұр, сендердің жіберген сомаларың басқа десем, компьютер есептейді дейді. Содан кейін 2300 теңге қайта санау жасаттым. Сонда маған 12 мыңды үстінен қосып беріп тұр.

Индира жауапты мекемеге сан мәрте шағымданса да нәтиже болмады. Амал жоқ, коммуналдық қызмет ақысын ай сайын өзі қайта есептеуге мәжбүр. Бұл – тек бір мысал. «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігіне жыл сайын азаматтардан 4 мыңдай арыз-шағым келіп түседі. Соның 40%-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты екен. 

Қабыкен Закарьянов, «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Біз өтініштерді қарап, бізге нақты келіп айтса, Сотқа жеткізбей шешіп жатырмыз. Сонда артық төлеген нәрсені ендігі айға жатқызып, әйтеуір өзіне қалдыруға мүмкіншіліктер бар.

Бұл – монополист компаниялар тұтынушылар есебінен заңсыз пайда тауып отыр деген сөз. Оған дәлел – Президент пәрменімен тексеріс жүргізген Бас прокуратура құйтұрқы жолмен тұрғындарды «тонаған» монополистердің былығын әшкереледі. Олар жарық пен жылудың ақысын негізсіз өсірген.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Бас прокуроры:

2009-2015 жылдарға арналған «инвестицияның орнына тариф» бағдарламасы сол қалпында қала берген. 2016 жылы тариф төмендетілуі тиіс болатын. Алайда, өндірушілер энергияны қосарланған ставкамен, яғни, бұрынғы жоғары тарифпен жеткізуін жалғастырып келген. 

Тексеру нәтижесінде энергия жеткізуші компаниялар 14 млрд. теңге, ал, энергиямен қамтушы мекемелер 15 млрд. теңге халыққа шығын келтіргені анықталған. Монополистердің жүгенсіз кетуіне бақылаудың төмендігі себеп, деді бас прокурор.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Егер тариф өсімі қолдан жасалса, яғни нақты экономикалық есептеусіз іске асырылса, бұл әр отбасына артық шығын, қалтасын қағады. Бұл менің Жолдауымдағы басымдықтарға қайшы келеді. Жолдаудағы жүктеген міндеттерді жете түсінбеген және оны орындауға қауқарсыз мемлекеттік орган басшыларының мемлекеттік қызметтегі жұмысы орынсыз. Қызметіне адал қарамайтын монополистер жауапкершілікке тартылуы тиіс. 

Тұрғындарды толғандырған тариф таяуда толық шешіледі. Мемлекет басшысы электр энергиясының құнын төмендетуді тапсырғалы Үкімет тиісті жұмыстарды қолға алды. Қазір, электр энергиясын өндірудің өзіндік құнын анықтау әдістемесі әзірленуде. Сәтін салса, қаңтардың 1-нен бастап электр энергиясының құны 25 пайызға дейін кемиді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының құны қуат тарифі және электр энергиясына тариф ретінде бөлінетін болады. Министрлік екі компоненттің (қуат бағасы мен электр энергиясының бағасы) қосындысы бойынша электр станциялары үшін электр энергиясына бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдайды. Электр энергиясына объективті шекті тарифтерді белгілеу энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

Тарифтер енді ашық түрде бекітіледі. Яғни, монополистердің бағаны  бекітуге арналған өтініштері электронды форматпен ұсынылады. Ал, халық өз пікірін білдіруге құқық алады. Бұдан бөлек, тариф пен қызмет көрсету сапасына қатысты «жедел байланыс» желісі ашылмақ.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы объектілеріне қоғамдық мониторинг институтын енгізу. Табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы тұтынушылардың алдындағы жария есептерін өткізуді жыл сайынғыдан жарты жылдық сайын өткізуге ауысу.

Бүгінде жарық, жылу және суға қатысы бар 40-қа жуық монополист тарифті төмендеткен. Енді, мемлекет тарапынан монополистерге бақылау күшейеді. Қалта қамын ойлап, тарифтерді жасанды түрде көтерген пысықайлар қатаң жазаланбақ. Бұл Президент тапсырмасы. Ал, заңсыз олжа халыққа қайтарылады. 

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

2019 жылдан бастап бүкіл тариф төмендейді. Жарық, жылу, газ, су, көмір  арзандайды. Сондай-ақ, мобильдік байланыс, интернетпен қатар халықты алаңдатқан коммуналдық қызметтің құны да айтарлықтай азаяды. Яғни, Президент қойған тапсырмалар жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап іске асады. Айта кетерлігі – тарифтер төмендетілгенімен сапа нашарламақ емес.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу