Шығыс Қазақстанда несие алып бастары  дауға  қалған  жұрттың мәселесі шешімін табар емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда несие алып бастары  дауға  қалған  жұрттың мәселесі шешімін табар емес

27.11.2018

Шығыс Қазақстанда несие алып бастары  дауға  қалған  жұрттың мәселесі шешімін табар емес. Серіктестікке мүше болып, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша қаржы алғандар сот табалдырығын тоздыруда. Өйткені, серіктестіктің кей мүшелері несиені төлемей кеткен.

Сот орындаушылары жүздеген жазықсыз борышкердің дүние-мүлкін, есепшоттарын бұғаттап тастаған. Кепілшарттың кесірінен мойнына өзгенің миллиондаған қарызы ілінгендер арасында бақилық боп кеткендер де бар. Демеу іздеп барар жер, басар тауы қалмаған азаматтар ортақ жауапкершіліктен босатып, әркім  берешегіне өзі жауапты болсын дегенді ұсынып отыр.

Өзекті мәселе өңірдегі кәсіпкерлер палатасында да әлденеше рет талқыланды. Қаржыны таратудың жергілікті операторы «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өкілдері де мәселені қалай шешерін білмей отыр. 

Мергүл Нұрмағамбетова, Катон-Қарағай ауданының тұрғыны:

Мен наубайхана ашайын деп, 3 миллион теңге сұрап барғанда жұмыспен қамту орталығына, маған осындай несиелік серіктестікті алып, оған төраға болсаң ғана несие ала аласың деді. Ол кезде еш нәрсені түсіндірген жоқ. Одан кейін, біздегі жұмыспен қамту орталығы маған өздері тізім жасап берді. Ол кісілердің кейбіреуін мен сотқа барған кезде ғана көрдім.

Данара Шарипова, «ЕРТІС ӘКК» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

Қазір осы бағытта жұмыс істеп, өз несиесін уақытында төлегендерді қорғау жолдарын іздеп жатырмыз. Бас прокуратураға, басқа да құқық қорғау органдарына хат жібергенбіз. Барлығының жауабында, осы бағдарлама ортақ жауапкершілік негізінде жұмыс істейтіні айтылған. Қазіргі таңда, бұл проблема шешімін тапқан жоқ.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу