Археолог Карл Байпақов дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Археолог Карл Байпақов дүниеден озды

23.11.2018

Тарихты мақтан тұту арқылы алдағы даму даңғылының негізгі бағыттарын айқындап алуға үндейтін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған тарихи жәдігерлерімізді тауып, зерттеп, көпшілікке танытуда айрықша еңбек сіңірген ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, белгілі археолог Карл Байпақов 79 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тарихшы Карл Молдахметұлы 1940 жылы 17 қарашада Алматы облысы, Талғар қаласында дүниеге келген. Саналы ғұмырында 17 монография, 800-ге жуық зерттеу мақала жазған.

Ұлағатты ұстаз 20 кандидат, 7 ғылым докторын дайындады. 8 орта ғасырлық қаланы ЮНЕСКО-ның тарихи мұралар тізіміне енгізуге күш салды. Ұлы даладағы байырғы қала өркениетінің ошақтарын табуда табанды еңбек етті.

Ортағасырлық Отырар, Сауран, Құлан, Ақтөбе, Талғар, Қаялық және Жайық қалаларын ашу үшін ұзақ жылдар ізденіс жатады. Сондықтан, ғалымның қазасы жалпы Орталық Азиядағы археология ғылымы үшін орны толмас қайғы. Дегенмен, көңілге медет болатыны ғалымның артында өшпес еңбектері қалды, дейді мамандар. 

Арнабай Нұржанов, археолог:

Қазақ мәдениетінің, соның ішінде мынау қала мәдениетінің, түркі халықтарының мәдениеті, олардың басқа халықтармен арасындағы байланысында үлкен қызмет атқарып, көп еңбектер жазған кісі. Бұл кісінің еңбегі арқылы көптеген қалалар қалпына келтірілді. Көптеген ескерткіштерді қорғау мәселесінде бұл кісі көптеген еңбек сіңірді.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу