Жамбыл облысының Балуан Шолақ ауылында жаңа мешіт ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының Балуан Шолақ ауылында жаңа мешіт ашылды

14.11.2018

Жамбыл облысы Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында имандылық үйі ашылып, жаңа спорт кешенінің қазығы қағылды. Аталған елді мекенде бұрын спорт залы тек мектепте болған. Енді келесі жылы ауыл жастары спорттың сан түрімен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанбақ. Бұқаралық спортты дамытуға арналған «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында ауылдан түлеп ұшқан азаматтар көпшілікке керек ғимаратты бір жылда салып бермекші.

Балуан Шолақ ауылында «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында жаңа мешіт ашылды. Салтанатты шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай Қажы Ораз қатысып, жергілікті жұрт үшін руханият орталығын салған жандарға алғысын айтты. 

Гауһар Байтұрғанқызы, М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің директоры:

- Біздің ауылымызда Қойайдар мешітінің ашылуы төңірегінде үлкен іс-шара өткізіліп жатыр. Бұл «Рухани жаңғыру» аясындағы өткізіліп жатқан іс-шараның ең көлемдісі.

Ауылдың тағы бір қуанышы - жаңа спорт кешенінің бой көтеруі. Оған Алматыдан арнайы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ат арытып келген. Жастардың игі бастамасын қолдаған бозкілем шебері спорт ғимаратының қазығын қағып, ақ батасын берді. 

Айтжан Әшімханов, заңгер:  

- Спорт кешенін салып жатқан себебіміз, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына жол ашу. Болашақта біздің ауылдан чемпиондар шығады деген сенімдемін.

Балуан Шолақ ауылының белсенді жастары ұлттық спортты серік еткенімен, жылдың төрт мезгілінде үздіксіз шұғылдана алмайтын. Сондықтан, игі бастамаға ең бірінші солар қуанып жүр. 

Нұрсерік Доғдырбек, мектеп оқушысы:

- Біздің ауылымызда осындай спорт кешендері ашылса, Балуан Шолақ атамыз сияқты балуан болар едім. Ауылымыздың атын республикаға, әлемге танымал етер едім.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытып, адамдардың еңбекке қабілеттілігін арттыру міндетін қойды. Сондай-ақ, шалғай елді мекендердегі тұрмыс-тіршілік сапасын жақсарту керек екендігін тапсырды. Сондықтан, ауылдықтар маңызды құжатта көрсетілген міндеттерді орындауға қазірден белсене кіріскен.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу