Елбасы осыдан екі күн бұрын ғана коммуналдық қызметтер саласындағы мәселені Қауіпсіздік кеңесінің отырысына шығарып, әлеуметтік зерттеулер нәтижесі тарифтердің жоғарылығына халықтың алаңдаулы екенін көрсетті деп еді. Монополист кәсіпорындар тұрғындардың қалтасын қағып, негізсіз табыс тауып отырғанын, мұндай ахуалдың қалыптасуы құзырлы мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі мен бақылаудың жоқтығынан деп санайтындығын қадап айтқан. Содан бері еліміздің әр өңірінде прокуратураның пәрменімен монополист кәсіпорындар уақытша болса да, тарифтерін төмендете бастады. Соның бірі «Астана энергия» кәсіпорны жылуға тарифті арзандатты. Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті жүргізген тексеріс барысында мекеменің тарифтік сметаны бұзғаны анықталған. «Астана Энергия» 474 млн. теңге үнемдегенімен, тарифті сол күйі қалдыра берген екен. Енді Табиғи монополияларды реттеу комитеті бұған дейін мекеме бекіткен тарифті өзгертіп, 1777 теңгеден шамамен 1700 теңгеге дейін түсіруді міндеттеді. Ал, «Астана энергия» болса, талапты орындағанымен, бұл шешіммен келіспей отыр.
Абай Балабеков, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті департаменті жетекшісінің орынбасары:
- Тарифтік сметаны орындамаған. Халыққа бұл қаржы қайтарылмайды. Сондықтан, ол соманы тарифті төмендету арқылы өтейді. Енді 1 шілдеден бастап бір жылға осы тариф сақталады.
Анатолий Никифоров, «Астана Энергия» АҚ басқарма төрағасының І-орынбасары:
- Бұл ескертулерге қатысты біз сотқа шағым түсірдік. Бірақ, ескертулер заңды күшіне енгендіктен, орындамауға құқығымыз жоқ. Сондықтан, тарифті төмендеттік. «Бізге мазутты қолданбағанымыз үшін тариф сметасы бұзылды» деген тармақ бойынша нұсқама берілді. Мазутты біз ТЭЦ-2-де тамызық отын, ал, кей пештерде негізгі отын ретінде қолданамыз. Ал, ауа райы бұған дейінгі болжаммен сәйкес болмағандықтан, мазутты қолдану қажеттілгі туындамады. Сондықтан, сатып алған отын қалып қойды.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.