ЭКСПО-да іріктелген жобалар қолданысқа қашан беріледі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЭКСПО-да іріктелген жобалар қолданысқа қашан беріледі?

08.11.2018

ЭКСПО көрмесінің аяқталғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Шара аяқталысымен, арнайы комиссия құрылып, баламалы энергия бағытында 133 жоба іріктеліп алынды. Алайда, бүгінде сол зерттеулердің көбі қолдаусыз қалып жатыр. Абыройлы өткен шараның мұрасы ретінде қалған жобалар ел игілігі үшін қашан қолданысқа беріледі?

Алтай Әлімғазин өмірінің 18 жылын «жасыл» технологияларды зерттеуге және оның адамзатқа пайдасын қалыптастыруға арнаған. Ол Астанадағы «Энергия үнемдеу және энергетикалық тиімді технологиялар» ғылыми-зерттеу институтының директоры. Былтырғы ЭКСПО халықаралық көрмесі ғалым үшін таптырмас мүмкіндіктер алаңы болды. Өйткені, энергия үнемдеу, оның баламалы көздерін табу жөнінде жүргізген біраз жылғы еңбегі ескеріліп, профессордың ұсынған жобасы ЭКСПО-ға қойылды. Бүгінде Алтай Әлімғазинның сол жобалары Павлодар облысында іске асып жатыр. Бірақ, қағазбастылық, инвестицияның жетіспеушілігі атқарылып жатқан жұмыстарды біраз тежеп отыр. 

Алтай Әлімғазин, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры:

- Осы жұмыстарды 18 жылдан бері жасап жатырмын. Негізі, мемлекеттік бюджетте жылыту технологияларына инвестиция жасайтын қаржыландыру жоқ. Ондай болмаса, Үкіметтен ақша алу өте қиын. ЭКСПО-дан кейін халық «жасыл» технологиялар жөнінде ақпараттанды. Біз өңірлерге барып тұрамыз. Ол жақ та жоғарыдан қағаз келсе істейді. Көмір мен соляркаға үйреніп қалған. 

Сол көмір мен соляркаға үйреніп қалған еліміз «Жасыл энергия» тақырыбында ауқымды шара ұйымдастырды. Абыройлы өткізді. Нәтижесінде 133 жоба іріктеліп алынды. Оның 105-і шетелдік, 28-і отандық технологиялар негізінде құрылған. Кейін жобалар әр салаға бөлініп берілді. Мәселен, мұнай және газ саласына – 27, көмір өнеркәсібіне – 7, электр энергетикасына – 63, ал, экология бағытына  - 36.

Алайда, респбулика бойынша 1 жыл ішінде 133 жобаның 20-сы ғана жүзеге асырылған.

Алма Жүкенова, ҚР Энергетика министрлігі Жаңартылған энергия көздері департаменті директорының орынбасары:

Күн энергиясын пайдаланатын смарт орындықтар секілді жобалар тез іске асырылды. Петропавл, Павлодар қалаларына орналастырылды. Бірақ, газ станцияларының қондырғылары сияқты басқа технологиялар да бар. Олар күрделі қондырғы болғаннан кейін біраз уақытты қажет етеді.

Демек, мәселенің бәрі уақытта. Министрлік өкілінің сөзінше, ЭКСПО жобаларының жаппай жүзеге аспауы ғалымдар еңбегінің ауқымына байланысты. Олардың жұмысы 2020 жылға дейін  толығымен аяқталмақ. Алайда, бұл бағытта ешқандай шара қолға алынбай жатыр деп те айту қиын. Өйткені, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ұзақ жанатын қазандықтар» жобасы, «Смарт сити», жаңа жел электр станциялары «жасыл» энергия, «жасыл» экономиканың болашағына деген сенімді арттырады.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу