Теріс бағыттағы діни ағым өкілдері өз қатарларына жастарды белсенді тартып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріс бағыттағы діни ағым өкілдері өз қатарларына жастарды белсенді тартып жатыр

08.11.2018

Халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық түсіндіру тобы құрылды. Олар республиканың барлық аймағы бойынша жұмыс істейді. Бүгін Астанада алғашқы отырысын өткізіп, алдағы үш жылға арналған жұмыс жоспарын талқылады. Осы мақсатта дін саласының мамандары, ғалымдар және қоғам белсенділері қосылып, нәтижелі жұмыс атқаруға ниетті. Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаевтың айтуынша, қазір теріс бағыттағы діни ағым өкілдері өз қатарларына танымал жастарды белсенді тартып жатыр. «Бұл үдерісті дер кезінде тоқтатып үлгеру керек», - дейді.

Балғабек Мырзаев, Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары:

- Әсіресе, спортшыларды, мықты ақындарды және белсенді жастарды өздерінің ұясына қарай тарту көріністері бар. Бүгінгі күні еліміздің аумағында дәстүрлі емес ағымның жетегінде жүрген азаматтардың саны 18-20 мыңның арасында деген ақпараттар айтылып жатыр.

Мамандардың айтуынша, елімізде жасырын жүріп, жымысқы пиғылдарын жүзеге асырып жатқан діни ағымдардың нақты саны толық анықталмаған. Оларға қарсы қанша рет күрес жүргізілгенімен, нәтижесі шамалы. Сондықтан, халықтың діни сауаттылығын арттыруға барынша басымдық берілмек.

 

Ербол МӘНДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу