2019 жылы елімізде «Пәтер иелері кооперативі» таратылуы мүмкін. Оның орнына «Жеке мүлік иелерінің бірлестігі» құрылмақшы. Қазіргідей бір құрылым енді бірнеше үйге жауап бермейді. Әр көпқабатты үйдің тұрғындары жауапты болады.
Елбасының Жолдауынан кейін заңға осындай өзгеріс енгізу қолға алынып жатыр. Өйткені, Президент биыл ПИК-тардағы бітпейтін былықтарды атап көрсетті. Оның ішінде жұрт төлеген ақшасының есебін білмеуі, жұмысы жүйесіз кооперативтен бөлініп шыға алмауы сияқты түйткілдер бар.
Бұл Алматының «Думан-2» ықшам ауданының тұрғындары. Олар осы «Ақ Отау» кооперативімен 8 жылдан бері арпалысып келеді. Себебі, көпшілік төлеген ақшасының есебін ала алмай жүр. Ал, қаржының есебін сұрап келген жұртқа құрылым төрағасы кездеспек түгілі, кеңсесінің есігінен де сығалатпайды.
Шайза Игимбаева, қала тұрғыны:
Бұл жердің несіне мен таң қалам? Төрағасы 80 мың алады екен 6 үйге. Мен келгелі бір жыл жарым болды. Мен бір адамды көрген жоқпын. Сантехниктер, ия жүреді. Барып шақырайын десең ешкім жоқ. Мен бәрін жалдап жасаттым.
Шайхолла Кисамидинов, қала тұрғыны:
64 проценті тек қана окладқа кетеді. Жылда жиналатын 21 млн. ақша. Ал қоқыс шығару, сосын жылына екі рет жылда мына жердің шөбін жұлады. Бұдан басқа ештеңе жоқ. 8 жыл болды 1 подъезге жөндеу жұмыстарын жасаған жоқ.
Тұрғындар «Пәтер иелері кооперативінің» төрағасы ешқашан есеп бермеген соң, өздері ревизиялық комиссия құрған. Осылайша, бірнеше заңсыздық дерегін анықтапты.
Татьяна Жандильдина, қала тұрғыны:
2015 жылы 2 млн. 800 мыңнан астам ақша, ал, 2016 жылы 2 млн. 100 мыңнан астам ақшаның қалай жұмсалғаны туралы нақты есеп алған жоқпыз. Ол ақшаларды ПИК төрағасы өзінің қалауы бойынша пайдаланған деп ойлаймыз. Өйткені, бізбен сөйлесуден үнемі қашып кетеді.
Қазір Алматыда 8000-нан астам көпқабатты үй бар. Оларға 800-ден астам кооператив қызмет көрсетеді. Солардың ішінде шешілмеген шетін мәселе көп. Мысалы, Алмалы ауданында орналасқан «Сабина» атты кооператив пен тұрғындар 20 жылдан бері бір мәмілеге келе алмай жүр.
Айгүл Қосанова, қала тұрғыны:
Біз жөндеу жұмыстарнына 3 жарым мың төлеп жатырмыз. Бірақ, соңғы 10 жылда біздің подъезімізде жөндеу жасалмады. Соңғы 10-15 жылда КСК бізге есеп берген жоқ. Оны барып айтсаң, ұрсып-ұрсып шығарып жібереді.
Осындай күрмеулі мәселелер әбден қордаланған. Айтсақ, осы күнге дейін кооперативте дау болып жатыр, десе ешкім мән бермей келді. Себебі, тұрғындар барлық проблеманы өздері шешуі тиіс еді. Бірақ, елді әбден шаршатқан бітпес дау Елбасының Жолдауында көтерілді. Сондықтан, келер жылдан бастап бұл салаға түбегейлі өзгеріс енгізіледі, - дейді қоғамдық сарапшылар.
Ерғанат Мадиев, қоғамдық сарапшы:
ПИК қарамағына мысалы 20 үй кірсе, ол 20 үй бір ПИК құрамында болған. Бір төраға болған дегендей, бір шот болған. Ал, қазіргі мына жаңа заңдылықта ол әр үй пәтер иелері мүлік иелерінің бірлестігін құрап, сол құрамын әділет органында тіркейді.
Жаңа заңның тетіктері қазір жан-жақты талқыланып жатыр. Осы орайда, Тұрғын үй шаруашылығын реттеу комитетінің қолдауымен Мәжілісте арнайы жұмыс тобы да құрылған. Ал, тұрғындардың талабы - қандай өзгеріс енгізілсе де, сеніп берген ақшасы көлденең біреудің қалтасына түспей, орнымен жұмсалғаны.
Аманкелді СЕЙТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.