Елімізде қоқыстан электр энергиясын өндіретін станциялар салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде қоқыстан электр энергиясын өндіретін станциялар салынады

01.11.2018

Елімізде қоқыстан электр энергиясын өндіретін станциялар салынады. Энергетика министрлігі берген мәлімет бойынша биоэлектр-станциялар қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы жұмыс істейді. Бұл жобаның арқасында екі мәселені бірден шешуге болады. Бір жағынан, полигондардағы қоқыс көлемі азайса, екінші жағынан, экологиялық таза энергия өндіріледі. Сондай-ақ, министрлік биыл іске асырыла бастаған тағы бір тың бастаманың нәтижесін жариялады. Энергияның баламалы көздері жобаларына халықаралық аукцион өткізген еді. Жаңа жүйенің алғашқы кезеңі сәтті аяқталып, 860 мегаваттқа дейін өндіруге қауқарлы 36 жоба іріктелді. Аукционға 9 елден 113 компания қатысқан. Отандықтан бөлек, Ресей, Қытай, Түркия, Франция, Болгария, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланд елдерінің де компаниялары жобаға қызуғышылық білдірген. Бірнеше жылда еліміздің түкпір-түкпірінде су, жел, Күн энергиясын өндіретін бірнеше станция бой көтереді.  

Абай Құланбай, ҚР Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздерін дамыту басқармасының басшысы:

- Аукционның қорытындысы бойынша 1000 млрд. доллар инвестиция кіреді. Инвестиция кірді дегеніміз ол – таза экологиялық электр энергиясы, екіншіден, жұмыс орындары, үшіншіден, еліміздің бюджетіне қосымша салық. Орташа есеппен алғанда Күн электр станцияларынан 35 пайыз, жел және су электр станцияларынан 12 пайыз деп отырмыз. Осының бәрі жалпы электр энергиясының өсуіне әкеліп соқпайды. 

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу