Олардың басым көпшілігі алаяқтардың шырмауына түсіп қалған. Жалпы, үлескерлер мәселесін оңтайлы шешуде қандай бастамалар қарастырылып жатыр? Прокуратура қызметкерлері бұл проблеманы қаншалықты бақылауында ұстап отыр?
Айман Тілеуханова 5 жылдан бері пәтеріне кіре алмай жүр. Қаланың орталығында орналасқан «Ақжол» тұрғын үйіне кезінде өзге 63 адаммен бірге үлескер ретінде 5 миллион доллар қаржы құйған. Алайда, алаяқ компанияның кесірінен не баспанасына қол жеткізе алмай, не ақшасын қайтара алмай келеді. Ал, сол құрылыс компаниясының басшысы болса, 6,5 жылға сотталып кеткен.
Айман Тілеуханова, «Ақжол» тұрғын үй құрылыс кооперативінің басқарма мүшесі:
- Кезінде біздің үйді салған компания үйдің астындағы жерді 4 рет сатып жіберді. Қылмыстық процесс басталған кезде үй жөнінде ешқандай перспектива да болған жоқ. МВК-ға жолыққанымыздың арқасында ісіміз жүріп жатыр.
Бүгінде Астанада Айман Тілеуханова сияқты 15 мың үлескер бар. Проблемалық тұрғын үйлердің саны - 36. Бас прокуратураның статистикалық мәліметіне сай, жыл басынан бері үлескерлер мәселесіне қатысты 156 азаматтық іс қозғалған. Оның 112 сотта қаралып, шешімін тапқан.
Татьяна Чурсина, Астана қаласы үлескерлері қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
- Бұрын үйдің құрылысын жалғастырып беру үшін инвесторларды іздейтін едік. Енді ондай қажеттілік қалмады. Өйткені, Үкіметтің қолдауының арқасында «Елорда құрылыс» компаниясы проблемалық үйлермен айналысатын болды. Оларды толығымен салып беру тапсырылған болатын.
Құрылысты соңына дейін жеткізуде қалалық әкімдікке қарасты ведомствоаралық комиссияның маңызы зор. Бүгін бас қалада тұрғын үй құрылыс кооперативтері төрағаларының жиналысы өтті. Жиында бас қаланың баспана мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Бұл ретте, жергілікті билік тарапынан қосымша жер телімдерін бөлуді атап өткен жөн.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.