Швед дипломаты Қазақстанның наградасымен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Швед дипломаты Қазақстанның наградасымен марапатталды

30.10.2018

Швед дипломаты, саясаткер Рольф Экеус ядролық қаруды таратпау саласындағы жемісті еңбегі үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мемлекеттік наградамен марапатталды. Төсбелгіні сақа саясаткерге Қазақстанның Швециядағы елшісі Дастан Елеукенов салтанатты түрде табыстады. Рольф Экеус жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесімен 20 жыл айналысты. БҰҰ Ирак бойынша арнайы комиссиясының төрағасы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары, Швецияның АҚШ-тағы елшісі қызметтерін атқарды. 83 жастағы дипломат Қазақстанға бірнеше рет сапарлапты. Ол Қазақ елінің антиядролық бастамаларын, Сириядағы кикілжіңді реттеуге бағытталған Астана процесін, Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалап отыр.   

Рольф Экеус, швед дипломаты, саясаткер:

- Қазақстан - ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастаманың көшбасшысы. Мен де осы салаға үлесімді қосып, мынадай жоғары марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Қазақ елі өз аумағында төмен байытылған уран банкін құру арқылы ядролық технологияларды бейбіт мақсатта ғана пайдалану үрдісін дамытуға өлшеусіз үлес қосып отыр. Дипломат ретінде, Қазақстанның Сириядағы қақтығысты бейбіт мақсатта шешу үшін Астана процесін ұйымдастыруын үлкен жетістік деп айтар едім. Бұл өз жемісін беретініне сенімдімін. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында Брюссельде өткен ASEM-АСЕМ саммитінде жасаған баяндамасы да қатты ұнады. Әлемдік қауымдастық қазақ басшысының, қазақ елінің жаһандық бастамаларын жүзеге асыруға қолдау білдіруі тиіс.  

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу