Таразда қала күні қарсаңында 20 нысан жаңадан салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда қала күні қарсаңында 20 нысан жаңадан салынды

29.10.2018

Тасын түртсең тарихы төгілетін Тараз еліміздің туристік класстерін дамытуға таптырмайтын қала. Сондықтан, тарихи шаһарда көпшілік баратын көрікті жерлерді көбейтіп, заман талабына сай икемдеу негізгі мәселе. Қала күні қарсаңында 20 нысан жаңадан салынып, кейбірі қайта жаңғыртылды.

Киелі Тараздың құрметіне көптен күткен «Ұшбұлақ жағалауы» ашылды. Демалыс орнының жалпы аумағы – 6,5 шақырым, ал, ұзындығы – 700 метр.

Қала орталығынан «Желтоқсан толқыны» аллеясы да ашылды. Еліміз бойынша теңдесі жоқ 220 метрлік «Тәуелсіздік толқыны» атты түрлі-түсті субұрқақ 3 каскадтан тұрады. Онда тәуелсіздікті айшықтайтын барыс, қыран құс, пырақ мүсіндері орнатылған. 

Бұл – тәуелсіздікке тәу етіп, егемендік жолында еңбек еткен азаматтарды еске алып тұратын ерекшы нысан болғалы тұр. Ал, көне базар маңында тұрған Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орталық көшеге орнатылды. Биіктігі 12 метрден асатын жыр алыбының ескерткіші енді Абай көшесі бойындағы облыстық әкімдік ғимараты алдында асқақтап тұрады.

Шаһарға кіретін бас қақпаның бірі – Темір жол вокзалының аумағы ретке келтіріліп, алдындағы сквер қайта жаңғырды.

Нағима Үсенбаева, қала тұрғыны:

- Қалаға алғаш келген қонақтар темір жол арқылы бүгін салтанатты ашылған сквер саябақтың қандай әдемі екенін көретін болды.

Неше жылдан бері қараусыз қалған облыс орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы да қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді.  

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу