Амстердамда дәстүрлі оффшорлық энергетикалық көрме басталды. Мұнай және газ саласындағы әлемнің алпауыт компаниялары жиналған көрме-конференцияға биыл тұңғыш рет қазақ елі атынан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» кәсіпорны қатысып жатыр. Консорциум Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірігіп, көрме аясында қазақ-голланд кәсіпкерлерінің іскерлік форумын ұйымдастырды. 40-тан астам компанияның өкілін жұмылдыруға Қазақстанның Нидерландтағы елшілігі мен мұнай және газ саласындағы голландиялық жеткізушілердің қауымдастығы да мұрындық болды.
Әлемнің 600-ден астам ірі компаниясы оффшорлық көрмеге мұнай және газ саласына қажетті соңғы үлгідегі құрал-жабдық, техниканы көрмеге самсатып қойыпты. Сол мықтылармен іскерлік қатынас орнатып, Қазақстанға инвестиция тарту мақсатында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы да биыл көрмеге арнайы қатысып отыр.
Эдвин Блом, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының бас директоры:
- Қарашығанақ мұнай-газ кенішін кеңейту жобасын жүзеге асыру үшін бізге қазір бірігіп жұмыс істеуге серіктестер қажет. Қазақстан нарығы шетелдіктер үшін өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені, мұнда тұрақты бизнес климат қалыптасқан. Қазақ үкіметі инвестициялық ахуалды одан сайын жақсарту үшін барын салып жатыр.
Марат Кәрімов, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы директорының орынбасары:
- Осы іссапарға келудегі басты мақсат - транснационалды үлкен компанияларды Қазақстанға әкеліп, өзінің кәсіпорындарын ашу. «Қарашығанақ» жобасы көптеген жаңа жұмыстар күтіп отыр. Халықаралық компаниялар Қазақстанға келіп, инвестиция жасап, жаңа кәсіпорындар ашса деген ойымыз бар.
Қазақстандық үлесті арттыруға голландиялық кәсіпкерлер де ниетті. Қазақ-голланд бизнес форумында «Қарашығанақ» компаниясының өкілдері мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Қазақстанға инвестиция салудың тиімді жолдарын баяндады. Іскерліктің көкжиегін кеңейтуге қос тарап та мүдделі.
Ұлан Мұхамедченов, ҚР Нидерландтағы елшілігінің кеңесшісі:
- Нидерланд Қазақстан экономикасына инвестиция құюдан көшбасшы мемлекет, әрі біздің екінші ірі сауда серіктесіміз. 2005-2018 жылдар аралығында Нидерланд кәсіпкерлері қазақ еліне 80 млрд. доллардан астам инвестиция салды. Былтырғы жылдың өзінде екіжақты тауарайналымы 5 млрд. долларға жетті. Елбасының тапсырмасы бойынша біз елге инвестиция тарту бойынша жұмыстарды күшейтудеміз.
Миржан Сатқанов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
- Біз келесі жылы осы жақтан жабдықтар алып, 13 млрд. астам инвестициялық жоба ашқымыз келеді. Жылыжай салғымыз келеді. Бұларға толық автоматизация жасалған. Электр қуатын, суды өте қатты үнемдейтін жабдықтар орнатылған. Яғни, жылыжайдан шығатын өнімдер өте арзан бағамен нарықта экспорттауға ыңғайлы.
Нидерландтың аз шығын шығарып, мол өнім алатыны қазақ шаруаларына қажет тың тәжірибе. Голландияның жоғары технологиясы мен инновациясын игеру де біз үшін маңызды. Ал, инвесторларды қазақ еліндегі тұрақтылық пен қолайлы инвестициялық климат қызықтырады. Қазақстанға құйған қаржыны еселеп қайтаратынын білген шетелдік кәсіпкерлер алдағы уақытта инновациялық жобаларға белсене қатысуға бел буып отыр.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.