Солтүстік Қазақстан облысында 38 елді мекеннің болашағы жоқ деп танылды. Сондықтан, ондағы тұрғындар басқа жерлерге көшіріледі. Бүгінгі таңда өңірде тұрмысы тоқырап, тоз-тозы шыққан 100-ге тарта ауыл бар. Тұрғындарының саны 50-ге де жетпейтіндері бар. Болашағы бұлыңғыр елді мекендерді не күтіп тұр?
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
- Бүгіндері қиуы қашып, базары тарқаған ауылдар теріскейде жетерлік. Солардың бірі Есіл ауданындағы Мәдениет ауылы. Қазір бұл елді мекенде небәрі 8 үй ғана қалған.
Динара биыл 10-сыныпта оқиды. Білім алу үшін өзге оқушылармен бірге 10 шақырым жердегі Петровка ауылына автобуспен қатынауға мәжбүр. Ауыл балаларының бұған еті үйренген, себебі, соңғы 20 жылдан бергі жағдай осы. «Мектеп шалғайда болғандықтан, қоғамдық іс-шаралардан үнемі тыс қаламыз», - дейді Динара.
Динара Маратова, оқушы:
- Үйірмелерге, қосымша сабақтарға бара алмайсың, концерттерге қатыса алмайсың. Біздің сыныпта балалар көп емес. Сондықтан, кейбір концерттерге қатыса алмайсың.
Ажар Шоқтыбаева, Мәдениет ауылының тұрғыны:
- Таңертең суықта «Газельді» күтіп тұрасың. Сосын барасың, қайта келесің, жол шаршатады.
Мәдениет ауылы аудан орталығынан небәрі 15 шақырым жерде, күре жолдың бойында. Табиғаты тамаша болғанымен, жұрт ауызсудан да таршылық көріп келеді. Сондықтан, тұрғындар үдере көшуде. Қатар қонған Бірлік ауылында да жағдай мәз емес. Қазір мұнда небәрі 33 үй бар.
Гүлдана Ахметова, Бірлік бастауыш мектебінің меңгерушісі:
- 12 бала аудандық 3 интернатта, 4 бала Николаевкадағы Асқар Игібаев атындағы мектеп-интернатқа барады. 2016 жылы Қытайдан қандастарымыз көшіп келе бастады. Соның арқасында мектебіміз де қайта ашылған болатын. Балалары бүгінгі таңда біздің мектепке келіп жатыр.
Болашағы бұлыңғыр ауылдар барлық аймақтарда бар. Батыс Қазақстан облысындағы 441 ауылдың 45-нің қазір әлеуеті төмен. Тұрғындардың саны аз, сондықтан, елді мекендердің таратылуы әбден мүмкін.
Әсемгүл Әбенова, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:
- Былтыр Бөрлі ауданында халықтың аз болуына байланысты екі елді мекен таратылды. Пролетарка ауылында 2 адам, Сатайкөл ауылында 4 адам тұрған болатын. Елбасының Жолдауына сәйкес, және ҚР 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына сәйкес келешегі бар ауылдарға назар аударылатын болады.
Президент бастамасымен ауылдық жерлердегі әлеуметтік ортаны жаңғыртуға басымдық берілмек. Ол үшін «Ауыл - ел бесігі» жобасы қолға алынады. Негізігі мақсат - ел-жұрттың тұрмыс тіршілігін тіктеп, жастардың туған жерінде тұрақтап қалуына жағдай жасау.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
