Ақмола облысындағы жылыжайда өсірілетін қияр Ресейде саудалана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы жылыжайда өсірілетін қияр Ресейде саудалана бастады

04.06.2014
Ақмола облысындағы жылыжайда өсірілетін қияр Ресейде саудалана бастады
Арқада өсірілген қияр Ресейде саудалана бастады. Сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Сапалы өнім Ақмола облысындағы ең ірі жылыжай кешенінде өсіріледі.
 
2015 жылы бұл жылыжай аумағын 6 гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар. Кәсіпорын жұмысымен бүгін журналистер танысты.
 
Бұл - Степногорск қаласының іргесіндегі жылыжай кешені. Аумағы - 3,5 гектар. Биыл жобалық қуатына шықты. Қайсыбір кәсіпорындар сияқты ашыла сап, жабылмаған. Іші 22 градус - ысып тұр, қиярлар пісіп тұр.
 
Астана, Павлодар, Көкшетау, Степногорск, қала берді Қарағандыны қиярмен қамтамасыз ететін - осы жылыжай. Былтыр Ресейдің Омбы, Новосібір облысы сұрау салыпты. Биыл олар да біздің  қиярлардың дәмін татып отыр. Бұрынғыдай кеден кедергі емес.
 
Александр Грибалев, «Қазақстандағы жылыжай технологиясы» ЖШС директоры:
Ресейге жеткізуде әкімшілік кедергілер жоқ. Тауарымызды Қазақстанға қалай саудаласақ, Ресейде де дәл солай. Қаржы аударылымы, санитарлық бақылау болсын, бәрі бір жүйеге келтірілген. Мүлдем мәселе жоқ. Жаңа Еуразиялық экономикалық одақтан да жақсылықтар күтеміз.
 
Мұндағылар «қияр піс, жәшікке түс», деп отырған жоқ. Күндіз-түні еңбектенеді. Өткен бес айдың өзінде 1 100 тонна өнім алып, 400 миллион  теңге табыс тапты. Жыл соңына дейін өнім көлемін 1 800 тоннаға жеткізбек. Техниканың дені-  Голландия мен Ресейден әкелінген. Ал, жылыту технологиясы өзімізде жасалған. 100 адам нәпақасын осы жылыжайдан айырады.
 
Аршагүл Көкейхан, жұмысшы:
Қиярды басқа бөлімшеде өсіріп, 10 сантиметрге жеткенде арнайы қорапшаға салып, бізге жібереді. Біз оны әрі қарай баптап, өсіре бастаймыз. Үш аптадан соң өнім бере бастайды.
 
Досымжан Ермұрат, тілші:
Біз қазір қияр өсіретін жылыжайдың ішіндеміз. Әрқайсысының ұзындығы - 12 метр, кейде одан да асып кетеді. Қияры жұлынғаннан кейін артығын осылай түбіне орап отырады. Әр түп  күніне 500 граммнан 1 келіге дейін өнім береді. Ұзындығы - 15-20 сантиметр аралығында.
 
Жылыжай кешенінің жалпы құны - 1 миллиард 200 миллион теңге. Оның 780 миллионын «ҚазАгроҚаржы» АҚ бөлді. Жеңілдетілген несие 6 пайызбен берілді. Алда «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі инвестициялық жобаларды қолдауды күшейтпек.
 
Мақбал Әуесбаева, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ ресми өкілі:
«ҚазАгро» холдингінің қоржынында 38 осындай жылыжай кешені бойынша инвестициялық жобалар бар. Жалпы құны - 53 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін 30 жылыжай кешені пайдалануға берілді.
 
Өткен жылы «ҚазАгро» агроөнеркәсіп саласын қолдауға 193,6 миллиард теңге бағыттады. Ол 2012 жылмен салыстырғанда, 26 пайызға жоғары. Қазынадан қаржы бөлінсе, өнім көлемінің артары сөзсіз.
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу