Алматы облысының Талғар ауданында ауызсу бағасы дауға айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Талғар ауданында ауызсу бағасы дауға айналды

18.10.2018

Алматы облысы, Талғар ауданы Еламан ауылының тұрғындары аудандық «Су құбыры» мекемесіне қарсы дау көтерді. Олар кезінде ешкімнен көмек сұрамай-ақ өз ауылдарына су құбырын өздері тартып алған екен. Аудандық мекеме ол жұмысқа бір тиын қаржы бөлмеген, тіпті бір метр құбыр да жүргізбеген. Сөйтіп, «дайын асқан тік қасық» болған олар енді келіп жыл сайын суға тарифті өсіріп жатыр екен. Биыл да ауызсудың ақысын екінші рет көтермекші. Ал, өз қолдарымен жер қазып, тапқан-таянғандарына құбыр тартқан ауыл халқы орта жолдан қосылған мекеменің бұл әрекетіне наразы.

Еламан ауылының тұрғандары құбырды 2010 жылы өздері орнатқан. Әр үй 50-60 мың теңгеден жинап, жерді қолмен қазып, ауылға су жүргізген. Бірақ, 2014 жылы бұл құбыр аудандық «Су құбыры» мекемесінің балансына өтіп кеткен. «Содан бері таза суға төлейтін ақша негізсіз көтеріліп келе жатыр», - дейді жұрт.

Ердәулет Бейсалиев, Еламан ауылының тұрғыны:

- Баға қайта-қайта қымбаттайды. Осы көктем айында ғана келіп, 113 теңгеден 125 теңгеге дейін қымбаттатқан. Енді міне, күз келді. Күзде тағы қымбаттатып жатыр.

Ербол Мамырбек, Еламан ауылының тұрғыны:

- Біз қазір суға жарымаймыз. Кейде үйде мүлдем су жоқ болып қалады. Соншама адам су алғаннан кейін 50-лік трубада не су болады?! Ал, енді судың ақшасы басында 106 теңгеге көтерді. Содан кейін 125 теңгеге көтерді. Енді міне, тағы көтереміз деп жатыр. Бұл не сұмдық?!

Ал, «Су құбыры» мекемесінің мамандары тарифтің қымбаттау себебін қазіргі экономикалық ахуалмен байланыстырып отыр.

Кеңес Сүлейменов, Талғар аудандық «Су құбыры» мекемесінің бас инженері:

- Қазіргі таңда өздеріңіз көріп отырсыздар, дизель жанармайы күнделікті қымбаттап жатыр. Одан кейін біздің өзіміздің жинайтын тарифымызға сәйкес келіп отырған жоқ.

Бірақ, ауыл тұрғындары бұған сенбейді. Өйткені, тариф қымбаттағанмен осы уақытқа дейін төленген ақшаның есебін ешкім берген жоқ. Жыл сайын миллиондап ақша жинағаны болмаса, олардың бір қызметін де көрмеген.

Байжан Нүсіпхожаев, Еламан ауылының тұрғыны:

- Бір жылда 365 күн бар десек, сол 365 күнде 70080 куб су айдайды екен. Сол кубты 125 теңгеге көбейткенде 8 млн. 760 мың теңгеге Талғар су алып тұр. Бұл жерде су пайдаланып отырған 260 отбасы бар. Қалғандары пайдаланып отырған жоқ.

Тұрғындардың қарсы шығуының тағы бір себебі - Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бекіткен 5 жылдық жоспары бойынша тариф 2020 жылға 125 теңгеден өспеуі тиіс. Бірақ, қазір ол шешім де күшін жойған.

Айжан Сәрсенбайқызы, Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы:

- Алматы облысында көп су құбырлары сатылымға қойылған болатын. Бірақ, ол сатылымда сатылмағандықтан, Үкіметтің Жарлығын орындау мақсатында қазір жаңа мекеме құрылып, ескі мекеменің күші жойылған болатын. Жаңа мекеме құрылған жағдайда табиғи монополиялар заңына сәйкес, біз жаңа тариф бекітуге міндеттіміз.

Жауапты мамандар су тарифіне қатысты алдағы 15 күннің ішінде шешім шығатындығын айтты. Ал, ауыл тұрғындары ауызсудың бағасы қымбаттайтын болса, аталған мекемеден бөлініп шығуға бекініп отыр. Өйткені, өздері салған құбыр үшін біреудің ақша жинағанына наразы.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу