«Союз» зымыранының апаты қандай экологиялық зардап әкелгенін комиссия зерттеп жатыр. Бұл туралы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі Марат Нұрғожин мәлім етті. Ал, зымыран құлаған аймақтың ауасы мен топырағының радиациялық қауіпсіздігіне қатысты қорытындысы шығып үлгерген екен. «Союз» қалдықтары елді мекендерден алшақ жерде құлағандықтан, адам мен ғимарат шығыны жоқ. Радиациялық ахуал да тұрақты. «Ал, апаттың себебін Ресей тарапы үш аптаның ішінде жариялайды», - дейді Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі. Айта кетейік, «Союз» зымыраны соңғы рет 43 жыл бұрын апатқа ұшыраған екен. Сондай-ақ, бұл зымыран әлем бойынша ең сенімді әуе кемесі есептеледі. Дегенмен, бұл жолғы апаттың техникалық себептері белгілі болмайынша «Союз» үлгісіндегі зымырандарын ұшыру уақытша тоқтатылды. Жыл соңына дейін мұндай 3 зымыранды жіберу жоспарда бар-тұғын.
Марат Нұрғожин, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
- Керосиннің 90 пайызы аспанда жанып кетті. Жерге түскен фрагменттері 22 тонна деп отырмыз. Соны қазір зерттеп жатырмыз. Ал, бөкендерге қалай әсер еткенін әлі айта алмаймын. Оны 2 жұмадан кейін анализдер дайын болғаннан кейін айта аламыз.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.