Астанада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесі өтті

08.10.2018

Елордаға сыр елінен 90 тонна ақ маржан әкелінді. Ол Қызылорда облысы кәсіпкерлерінің жәрмеңкесінде саудаланды. Сапалы өнімді астаналықтар санаулы сағаттың ішінде толықтай сатып алды. Күзгі жәрмеңкеде бұдан бөлек аралдың балығы мен сырдың дәмі тіл үйірер қауын-қарбызы сатылды.

Сенбі-жексенбі күндері өткен жәрмеңкеге сырдың дәмін сағынған халық көп жиылды. Қалтаға қонымды, табиғи өнімді алуға келген жұртқа мол таңдау бар. Сырбойылық шаруалар елорданың 20 жылдығына орай 400 тоннадан астам өнімдерін әкелді.

Серік Қожаниязов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

- Өздеріңіз бүгін көріп отырсыздар ауа райы жылы болған соң ба, жылда астаналықтар кештеу келетін еді, биыл сағат сегізден бастап сауда-саттық қызу жүріп жатыр.

Мұндағы тауарлардың бағасы базардағыдан 15-20 пайызға төмен. Бұл тұрғындарға да тауарын өткізген кәсіпкерге де тиімді. Астаналықтар арасында әсіресе Қызылорданың брендіне айналған күрішке деген сұраныс жоғары.

Қанат Әбілдаев, саудагер:

- «Лидер» деген сорт әкеп тұрмыз. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданынан. Бұл сорт кеше ғана піскен. Бүгін сауда жақсы жүріп жатыр.

«Ақ маржаннан» бөлек, 15 тонна балық, 50 тонна ет және күзгі жиын-терімнен 200 тоннадан астам бау-бақша өнімдері әкелінді.

Жәрмеңкеге 7 аудан мен Қызылорда қаласының шаруалары өз тауарларын әкелген. Жол пұлына облыс қазынасынан арнайы қаржы бөлініп, саудагерлер жүк керуенімен келіпті. Игі шара келер жылы да жалғасады деп жоспарланып отыр.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу