Елордада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

21.09.2020

Қызылорда облысы Нұр-Сұлтан қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне 130 млн теңгенің тауарын алып келді. Ұйымдастырушылар жәрмеңкеге сауда әкелгендердің бәрі өнімнің өз иесі - дихандар мен шаруалар дейді. Содан болар баға қолжетімді, ал сөредегі өнім экологиялық талапқа сай. 

Күріш десе Қызылорда, Қызылорда десе күріш дейміз. Екеуі егіз ұғымға айналғалы қашан. Демалыс күндері Сыр елінен Елордаға 477 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. Оның тең жартысына жуығы күріш. 

Алмакүл Қасымбекова, қала тұрғыны:

- Күрішті таласып жүріп алдық. Бағасы жақсы. Сапасы тамаша. 

Таңғы сағат 9-дан жәрмеңкеге ағылған жұрттың қарасы көп. Өйткені, мұндағы баға нарықтағыдан 15-20 пайызға арзан. Халық көп тұтынатын тауардың 80 түрі саудаланды. Қыстың қамына қазірден кіріскен қалалықтар азықты қап-қабымен тасып әлек. 

Шахмардан Қойшыбаев, Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Сыр қауыны, қарбызы, қызанағы барлығы жергілікті, тікелей экологиялық таза өнім. Аралдан арнайы балықтар, Қазалы кәмпитін алып келдік. 

Ауыл шаруашылық жәрмекесін – молшылық мерекесі деуге негіз бар. Арзан азық алып, үйіне риза болып қайтқан адамдардың жүзінен осыны байқауға болады. 

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу