Еліміздің мал шаруашылығына Дүниежүзілік банк қолдау көрсетуге ниет білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің мал шаруашылығына Дүниежүзілік банк қолдау көрсетуге ниет білдірді

04.10.2018

Бұл туралы қаржылық институттың Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун мәлімдеді. Дүниежүзілік банк 5 жыл ішінде елімізге 500 млн. доллар қаржы құюға дайын. Ақшаның басым бөлігі қазіргі заманға сай мал соятын орындар құрылысына және жаңа техникаға жұмсалмақ. Банк өкілдерімен кездескен Вице-премьер, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бұл қаражаттың бір бөлігі 100 мың шағын шаруа қожалығына қолдау көрсетуге және қосымша 1 млн. гектар жерді суаруға жұмсалатынын жеткізді. Оның ішінде ірі қара малдың импортына үлкен мән беріледі. Шаруаларға мал импорты үшін 15 жылға дейін төмен пайызды несие беру көзделген.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Біздің елге ет тұтыну бойынша ірі, әрі қарқынды дамып келе жатқан екі нарық Ресей мен Қытай тиіп тұр. Мұнымен қоса, Иран, Парсы шығанағы мен Орталық Азияға да шыға аламыз. Сондықтан, Дүниежүзілік банктің осындай қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз. Мал шаруашылығын дамыту үшін біз де барлық жағдай бар. Жайлау көлемі бойынша Қазақстан әлемде бесінші орында. Осыны тиімді пайдалана білген жөн.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу