Қызылорда облысындағы Көкарал бөгетін шұғыл жөндеу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы Көкарал бөгетін шұғыл жөндеу қажет

04.10.2018

Гидроқондырғыны салғанда балық өткізгіш ескерілмегендіктен, қазір экологияға орасан зардап келуде. Теңізді жағалай қоныстанған жұрт бұған қатты алаңдаулы. Себебі, су айдындарында балық жоғалса, тіршілік тоқтайды.

Көкарал бөгетінде балық өткізгіш жоқ. Соның салдарынан балық қырылып жатыр. Яғни, су деңгейі 42-белгіге жеткен кезде шлюз ашылған уақытта Кіші Аралдың бар байлығы арғы бетке өтеді. Балықтар  Ұлы теңіздің ащы суына шыдас бермейді, кері қайтатын жол да жоқ.

Байырғы балықшы Мінәжат ақсақал осы Көкарал салынғанда қатты қуанғандардың бірі. Ғасыр жобасы атанған құрылыста дәл осындай кемшілік кетеді деп тіпті ойлаған жоқ. Енді міне, кішкентай балық өткізгіш қондырғының жоқтығы табиғатқа үлкен залал келтіруде.

Мінәжат Биманов, Қаратерең ауылының тұрғыны:

- Қанша миллион, миллиардтаған балық келіп, сол Аралдың арғы жағына өтіп, Ұлы теңізге қарай өтіп, қырылып жатыр. Енді ұзындығы пәлен метрге созылған өлі балық, личинкалардың иістерінен адам тұра алмайды.

Бұл бейнетаспа да Мінәжат ақсақалдың сөзіне дәлел. Арғы бетке өткен я балық, я су Ұлы теңізге жетпейді. Жыл сайын шабақтарды құтқаруға қарекет қылады, бірақ, онымен мәселе шешілмейді. Шлюз қазір де күндіз-түні ашық. Себебі, бөгеттің көп суды ұстауға шамасы келмейді.

Сайлаубай Жұбатырұлы, эколог:

- 9 бетонды пернеден су атқылап жатыр. Ол осы 13 жыл ішінде теңіздің ащы суы бар, ағыны бар, басқа да физикалық, химиялық әсерлер бар, бетон плиталардың өзі тоза бастаған. Сырдарияның сол жақ тармақ ағысы аяқ астынан жол тауып, 13 шақырымдық дамбының іргесін үңгіп, қазып жатыр. Бұл сұмдық енді. Біз Кіші Аралдың экологиясын жырлап жүргенде кіші Аралдан айырылып қалуымыз да мүмкін.

Теңіздің теріскей бетінен бой көтерген Көкарал бөгеті- «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының бірінші кезеңінің жемісі. Елге ризық әкелді.  Ұлтаны кеуіп, тіпті шөлейтке айнала бастаған теңізді қалпына келтіруге септігін тигізді. Енді САРАТС-тың екінші кезеңі жүзеге асырылмақ. Мамандар «Көкаралдың мәселесі де сол кезде шешіледі», - дейді. 

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу