Жетісу облысындағы көне мектепке жөндеу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысындағы көне мектепке жөндеу қажет

26.05.2023

Жетісу облысында үш ғасырдың жылнамасына енген білім шаңырағы бар. Алакөл ауданына қарасты Көкжар ауылындағы көне мектеп 19 ғасырдың аяғында салынған. Қазір білім ордасына күрделі жөндеу қажет. Байланыс аясынан тыс жердегі елдімекенде ғаламтор да жоқтың қасы. Десе де оқушылар білім жағынан қатардан қалмауға тырысып бағуда.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Көкжар ауылындағы мына ғимараттың іргетасы 1895 жылы қаланған екен. Ал мектеп ретінде 1932 жылы құжат бойынша тіркеуге алынған. Демек сол 32 жылдың бірінші қыркүйегінде оқушылар осы мектептің табалдырығын алғаш рет аттаған. Ал қазір бұл білім шаңырағында небәрі 40 оқушы ғана оқиды.

40 оқушыға 16 мұғалім сабақ береді. Үлгерімдері де жаман емес. Аудандық, облыстық олимпиадаларда топ жаруда. Ауылда ұялы байланыс мүлдем жоқ. Ал мектепке орнатылған ғаламтордың жылдамдығы сын көтермейді. «Бірақ ғаламтордың жоқтығының өз ұтымды тұстары бар», - дейді оқушылар.

Әмина Абжан, оқушы:

Интернет жоқ болғаны бір жағынан жақсы, бір жағынан жаман. Жақсы жағы мысалы, оқушылар аз болғандықтан мұғаліммен тығыз қарым-қатынастамыз. Және де сабағымызды біздің мектебімізде барлығы жақсы оқиды.

Ал қолайсыз тұсы кейбір тапсырмаларды орындап, күнделік толтыру үшін оқушылар демалыс күндері басқа ауылға барып, туыстарын жағалап кетеді. 128 жылдық тарихы бар мектеп сыртынан сыр білдірмегенімен күрделі жөндеуді де қажет етеді. Жергілікті билік ауылға жаңа модульді мектеп салу мәселесін қарастырып, кейін қайта айнып қалған. Себебі бала саны ондай шығынды ақтамайтын көрінеді.

Әсет Ыбрайымов, Алакөл аудандық білім бөлімінің басшысы:

Модульді мектептер 150 балаға дейінгі балалар бар мектептер бірінші кезекте қолға алынып отыр. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Соған өтінім беріп отырмыз. Қосымша жаңағыдай мәжіліс залы мен гимнастика залын қосуға өтінім беріп отырмыз.

Аудан басшылары ғаламтор мәселесі де жуырда шешіледі деп сендірді. Күзге дейін көрші ауылдан 14,5 шақырымға оптикалық-талшықтық желі тартылмақ.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу