Жамбылдық бағбандар өсірген алмаларын өткізе алмай қиналуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық бағбандар өсірген алмаларын өткізе алмай қиналуда

03.10.2018

Маусымдық жәрмеңкеде жеміс-жидектің бәрін саудалап, пайдаға кенелу мүмкін емес. Сондықтан, шаруалар өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік болса дейді. Әзірге бағбандар жиған-тергенін ысырап қылмас үшін өнімді өңдеудің жолын өздері қарастыруда.

Жуалы ауданында тұратын Бекбай бағбанның иелігінде 50 гектар алма бағы бар. Ала-жаздай күтіп баптаған мәуелі талдары жемісін беріп, өнімін төгіп тұр. Алайда, жинаған алманы Алматы, Астана асырып сата  алмай отыр. Айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған  жәрмеңкелерде  орын жоқ.

Бекбай Қансейітұлы, бағбан:

-Алманы, алмұртты халыққа төмен бағамен сатсақ деген ойымыз бар. Астанада біздің алмамыз сияқты, одан да нашар алмалар 500-600 теңгеден сатылып жатыр. Иісі де жоқ. Ол мүмкін Қытайдікі шығар.

Өнімдерін саудалауға еш мүмкіндігі жоқ бағбандар өздерінше қарекет етуге мәжбүр. Өйтпесе амал жоқ,  жаз бойғы еңбек еш кетпеуі керек.   

Сәбит Әлдебай, тілші:

-Бағбандар мына ауқымды бақта шашылып жатқан жемістердің ысырап болмауын да ойластырып қойған. Қолдан жасалған құрылғының арқасында жемістерді кесіп, кептіруге болады. Бұл жұмысты да жеңілдетеді. Жиырма адамның жасаған жұмысын мына құрылғы өзі ақ тындырады.

«Қарапайым жабдықтың  арқасында шаруа  уақытты да, қаржыны да  үнемдеп жатырмыз»,- дейді.

Бекбай Қансейітұлы, бағбан: 

-Мысалы, былтырғы жылдары ол құрылғымыз жоқ кезде 10-15 адам жалдап отырғызатынбыз.

Өңірде былтыр 20 мың тоннадай алма жиналды. Тұтынушылардың жылдық сұранысы жан басына шаққанда 13 келі  алма. Қалған өнім жақын маңдағы қалаларға жөнелтіледі. Мамандар енді өнімді өңдеп, экспорттаудың  жолдарын қарастырмақ. 

Биылғы жылы алма бақтарының көлемі 2500 мың гектарға жетті.  Өңірдегі  алма өсіретін  200-ден астам шаруашылық  аймақтың сұранысын толық өтеп отыр. Ендігі міндет - жемісті сыртқа саудалау.     

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу