Басты Жаңалықтар Астана мүгедектерге жайлы қала ма?

Астана мүгедектерге жайлы қала ма?

Қазір елімізде мүгедектердің жүріп-тұруына қолайлы болуы үшін мүмкіндігінше жағдайлар жасалып жатыр. Оның ішінде ғимараттарда пандус болуы керек, қоғамдық көліктергі арбамен жүретін жарымжан жандардың кіріп-шығуы үшін арнайы баспалдақтар қарастырылуы тиіс деген сияқты талап қойылатыны белгілі. Бұл бағытта біршама жұмыстар жасалып жатқанын да жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, Астана мүгедектерге қолайлы қалалар тізімінде ең соңғы орында тұр екен. Тиісті ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Ғазиза Иманғали растады. Еліміздегі 27 мың нысанның 11 мыңнан астамы мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Ал, Астанада бұл көрсеткіш әзірге өте төмен көрінеді.

Жадырасын ағаның әр күні арпалыс. Бөгет табалдырықтан басталады. «Еуропада табалдырықтың биіктігі 13 мм-ден аспайды»,- дейді кейіпкеріміз. Ал, есіктің кеңдігі 90 см-ден кем болмауы тиіс. Бізде біркелкі стандарт жоқ. Жарым емес бүтін жанның өзі сүрініп жығылатын табалдырық, тар лифт, қауіпті пандус сынды бітпейтін бөгеттер бар.

Жадырасын Садуақасов, Қолжетімді кешенді ортаны қалыптастыру орталығының бас сарапшысы:

- Астанада стандартқа сай келетін бірде-бір пандус көргем жоқ. Ең жақсы пандус Сенаттың алдында тұр.

Астана 2050 жылға дейін «Liveable city» немесе адам өмір сүруге қолайлы 10 қаланың қатарына енуді жоспарлаған. Оның критерийлері көп. Негізгілері таза ауа, таза су, «жасыл» энергия секілді таптауырынды тақырыптар. Басты басымдық бақытты адамдар шоғырын ұлғайтуға берілген. Ал, дамыған елдерде адам деген кезде алдымен мүмкіндігі шектеулі жандардың жайы ескеріледі. 

Ғазиза Иманғали, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

- Бүгінгі таңда Астана қаласындағы нысандардың 80 пайызға жуығы паспортталған және мүгедектерге бейімделген. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Ал, Көкшетау қаласы аталған тізімнің көшбасшысы. Шаһардағы нысандардың барлығы дерлік жарым жандарға қолжетімді.

«Қолайлы орта, жарымжанға жайлы жағдай жасау бұл тек әкімшіліктің ғана жауапкершілігі емес. Сонымен қоса, сауда орындары, дәріхана сынды кәсіп иелері де ортақ іске ат салысуы тиіс», - дейді министрлік мамандары. Ал, Жадырасын Садуақасов болса, Есілдің жағасына бөгденің көмегінсіз келіп, таза ауада серуендейтін күнді аңсайды.

Астанада мүгедектерге бөгет көп. Мына, жағалауға апаратын пандус, өте тік. Жарым жан тұрмақ, дені сау екі адамның өзі Жадырасын ағаны жағалауға әрең шығардық. Астана даму концепциясына 2050 жылға дейін біздің қала жанға жайлы 10 қаланың қатарына енуі тиіс. Мақсат айқын, жоспар түзілген, бірақ атқарылып жатқан іс мардымсыз.  

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу