ДСҰ: нәтижелер мен жоспарлар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ДСҰ: нәтижелер мен жоспарлар

28.09.2018

Астанада тағы бір әлемдік маңызы бар құжат қабылдануы мүмкін. 2020 жылы елордада өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдердің 12-ші министрлік конференциясында инвестицияларды жеңілдету бойынша келісімге келу көзделіп отыр. Бұл туралы осы ұйымдағы Қазақстанның тұрақты өкілі Жанар Айтжанова мәлімдеді. Екі жылдан соң болатын сол ауқымды шарада көтерілетін басты мәселелер бүгін Астанада жоғары деңгейдегі форумда талқыланды. Жалпы, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі бері не ұтты және жоспарлары қандай?

Дүниежүзілік сауда ұйымына реформа қажет. Еуроодақ пен АҚШ көтерген бастаманы Астанада бас қосқан 30 елдің лауазымды тұлғалары мен экономистері де қолдап отыр. Бұл жиында әңгіменің басым бөлігі Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер арасындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға арналды. Қазақстанның ұйымға мүше болғанына 3 жыл ғана өткенімен, біздің ел осы реформаларды жүргізуге қолдау көрсетпек. Сондықтан да, ұйымның кезекті министрлік конференциясын Астанада өткізуді жөн көрді.

Роберту Азеведу, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры:

- Қазақстанға 2020 жылы министрлік конференцияны өткізуге ұсыныс білдіргендері үшін алғыс айтқым келеді. Ал, ұйымға енді қосылған мүшелерге келетін болсақ, көпжақты сауда жүйесіне қолдау көрсеткені сауда-саттық экономикадағы рөлі зор екенін дәлелдейді. Қазақстан мен басқа да Еуразия елдері соңғы 20 жылда үлкен прогресс жасады. Сіздер инвестициялар мен саудадағы ашықтықты насихаттап, бастамалар ұсынып жатырсыздар. Әсіресе, қазіргі қиын-қыстау заманда көрсетіп жатқан қолдауларыңыз өте маңызды.

Ірі державалар арасындағы сауда-саттық қазір шиеленіс кезеңінде. Сондықтан, ДСҰ бұл мәселелердің күрмеуін шешіп, татулыққа үндеуге мүдделі. Сондай-ақ, бірнеше ел бірлесіп, ұйымның жұмысын жандандыра түсу үшін инвестицияларды жеңілдету бойынша бәріне ортақ ережелердің қабылдануын ұсынып отыр.

Жанар Айтжанова, ҚР Дүниежүзілік сауда ұйымындағы тұрақты өкілі:

- ДСҰ-да, мысалы, сауданы жеңілдету туралы келісім бар. Ал, инвестицияны жеңілдету туралы келісім жоқ. Ал, сауда мен инвестиция ол бір-бірімен өте тығыз байланысты іс-әрекет. Мысалы, егер инвестор біздің Қазақстанның экономикасына келетін болса, ол қандай елдермен, сол шығарған тауарлары мен қызметтерді сата алатын қандай шарттар болады дейді. Сол шарттар бойынша ДСҰ-да келісім бар. Ал, инвестиция бойынша лицензия беру процедураларын жеңілдету туралы келісім жоқ.

Мұндай келісімнен барлық мүше-елдердің ұтары мол. Жеңілдетілген ортақ ережелер жобалардың көбеюіне септігін тигізеді. Қазақстанның көздеп отырғаны да - ел экономикасын жақсарту. Өйткені, ұйымға енгелі бері еліміздегі инвестициялық ахуал едәуір өзгерген. Мәселен, бұған дейін сырттан келген қаржының басым бөлігі мұнай-газ саласына, шикізат өндірісіне ғана құйылса, ұйымға мүше болғалы инвесторлар еліміздің көлік-логистика, құрылыс, қызмет салаларына да қызығушылық білдіріп отыр. Ал, екі жылдан соң Астанада өтетін алқалы жиын бұл нәтижелерді еселей түсуге бағытталмақ.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу