Жас үздік кәсіпкер анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас үздік кәсіпкер анықталды

27.09.2018

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында биыл алғаш рет жылдың «Жас үздік кәсіпкері» анықталды. Әр өңірден кәсібі өрге өрлеген 51 іскер қатысты. Алайда, алдыңғы қатарға табысты ғана емес алғысты да ойлаған азаматтар шықты.

Тәңірберген екі ай бұрын кәсіп ашты. Еңбегіне қарай өнбегі де тәуір. Шағын цехында жасанды ротангты өңдеп, одан жиһаз дайындалады. 26 жасар іскердің 5 маманы айына 50 жиынтық шығарып отыр. Бұл әзірге ғана. Алдағы жоспары жыл сайын 30 жаңа жұмыс орнын ашу. Себебі, бұйымды қолмен тоқудан басқа технологиясы жоқ. Шымкенттің тумасы бүгін Астанаға арнайы шақыртылды. Ол үздік кәсіпкер атанды, 1 млн. теңге сыйақыға ие болды.

Тәңірберген Есполов, кәсіпкер:

- «Бизнестің жол картасы» бойынша 2 күндік бизнес кеңесші курсынан өттім. Онда мені кәсіп жүргізудің, маркетинг пен бухгалтерияның негізіне оқытты. Сосын бизнес жоспарды түзуге көмектесті. Арнайы грантқа да ие болдым. Бұл үлкен тәжірибе. Себебі, бұған дейін екі кәсіп түрімен айналысып көрдім. Сәтті іске асқаны, осы соңғысы ғана.

Тәңірбергеннен бөлек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған байқауға 51 адам қатысты. Әр бизнес жергілікті қамту, әлеуметтік тиімділігі және бюджетін үнемді үйлестіруіне қарай бағаланды. Іріктеуден іркілмей өткендерге 500 бен 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. 

2015 жылдан бері 200 мыңнан астам жасқа қаржылай емес бағытта қолдау көрсетілді. Яғни, бизнеске бейімдеу тәсілдерінен тәлім берілген.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

 

Хабарламаларға жазылу