«Astana Media Week» апталығының алғашқы күні аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Astana Media Week» апталығының алғашқы күні аяқталды

26.09.2018

Елімізде «Махаббат қызық мол жылдар» атты телехикая түсірілетін болды. Бұл туралы бүгін басталған Астана медиа апталығында белгілі болды. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түсірілім келер жылы басталады деп жоспарлануда.

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған медиа апталыққа 2 мыңнан астам қатысушы жиналды. Олардың ішінде Беларусь, Ресей, Түркия, Өзбекстан елдерінен келген қонақтар да бар. Шетелдіктер Қазақстанның медиа нарығына жоғары бағаларын берді.

Мухсин Йылдырым, ТРТ телеарналары басқарма басшысы:

- Сіздерде біздің қызығушылығымызды тудырып отырған өте қызықты жобалар бар екен. Болашақта тұрақты байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істейміз деген үміттемін.

50-ден астам продакшн компания, продюссерлік ұйымдар және басқа да медиа саланың мамандары өз өнімдерін телеарналардың директорларына тікелей көрсетуге мүмкіндік алды. Ұсыныстар мақұлданатын болса, жуық арада жаңа жобалар көрермендерге жол тартуы мүмкін. Жылдың ең ірі медиа оқиғасының басты көздегені - отандық медиа нарықты жан-жақты дамыту, мәдени және ақпараттық байланысты тереңдету.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Біз отандық телехикаяларымызды осындай шаралар арқылы біз шетелге сата аламыз. Олар келіп, осы жерде көріп, осы жерден сатып ала алады. Соның арқасында біз отандық телеөнімді жаңа деңгейге көтереміз деген сенімдемін.

Сондай-ақ, апталықтың алғашқы күні Media Talks пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Яғни, тұтас ұйымдардың жұмысы ғана емес, жекелей журналистердің білімін тереңдету көзделген. Спикерлер болашақта болуы мүмкін өзгерістерге қалай дайындалу керектігін түсіндірді.

Рахым Ошақбаев, экономист:

- Кез келген өзгеріске дайын болу керек. Жаңашылдық болса, бірден қабылдап, үйреніп алған жөн. Ертең не боларын ешкім нақты білмейді. Сондықтан, бір бағыттың жетегінде кетпей, барлығын бірге алып жүрген жөн.

Ертең «Өңірлік БАҚ форумы» жоспарланған. Онда медиа сауаттылық пен медиа білімнің даму мәселесі қызу талқыға түспек. Сондай-ақ, тілшілер үшін түрлі семинарлар мен тренингтер өткізілмек.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу