Кей өңірлерде полицейлер жұмысының нәтижесіз болуына не себеп? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кей өңірлерде полицейлер жұмысының нәтижесіз болуына не себеп?

25.09.2018

Полицейлердің жалақысы өсіп, жағдайы жақсара түспек. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Үкімет отырысында жергілікті полиция қызметінің жұмысына қатысты есеп берді. Бүгіндері жергілікті полиция қызметкерінің саны 25 мыңнан асады. Техника сатып алу үшін 2016-2017 жылдары 6,5 миллиард теңге бөлінген. Полицияның 90 пайызы бейнетіркеуіш құралымен қамтамасыз етілген.

Яғни, тәртіп сақшыларының басты міндеті қоғам қауіпсіздігін сақтап қалу үшін барынша жағдай жасалған. Алайда, кей аймақтарда әлі де қылмыс саны азаюдың орнына көбейіп отыр.

Елдегі қылмыстық ахуал тұрақты. Бас тәртіп сақшысы қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын полицейлер кірпік қақпай күзетіп отырғанын жеткізді. Алайда, кей аймақтарда әлі де қылмыс саны азаймай тұр. «Өйткені, жергілікті полицейлердің жақсы жұмыс істеуі әкімдіктерге тікелей байланысты», - дейді Қалмұханбет Қасымов.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Өкінішке орай, өңірлерде профилактика әлі де тиісті деңгейде емес. Өңірлерде көбіне қылмыстар тұрмыста, мас күйінде және бұрын қылмыс жасаған адамдар тарапынан орын алады. Жалпы, еліміз бойынша отбасы-тұрмыстық саласындағы қылмыстар саны 46 пайызға өсті. Атап айтсақ, ШҚО-да 3 есеге, Түркістанда 2,5 есеге, БҚО-да 83 пайызға, Қарағандыда 40 пайызға, Қостанайда 28 пайызға және басқа да бірқатар өңірлерде артқан. 

Ал, ішкіштер жасаған қылмыстар бойынша Ішкі істер министрі Астана мен Маңғыстау облысы алда тұрғанын жеткізді. Елордада 22, ал мұнайлы өлкеде 15 пайызға өскен. Ал, Ақтөбе облысында аса ауыр қылмыстар саны 48 пайызға артқан екен.

Өңірлердегі қылмыстық ахуалды жақсарту үшін Қалмұханбет Қасымов әкімдерден бірлесе жұмыс істеуді өтініп отыр. Өйткені, Ішкі істер департаменттері «Полиция департаменттері» деп өзгертілгелі ведомство басшыларын әкімдер тағайындай алады.

Тәртіп сақшыларына қойылатын талаптан бөлек, отырыста олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту да сөз болды. Бас полицей Солтүстік Қазақстанның тәртіп сақшылары үшін жатақхана салып бергенін үлгі етіп, өзге өңірлерді де осындай игі іс атқаруға шақырды. Сондай-ақ, сержанттар офицер лауазымына ауысып, осылайша жалақылары да өседі.

Үкімет басшысының айтпағы да сол: полицейлердің басты міндеті – қоғам, жол  қауіпсіздігін сақтап, халықты қорғау, ірілі-ұсақ қылмыстарды болдырмау. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Әкімдерге құқықбұзушылықтың профилактикасы жөнінде ведомствоаралық комиссиялардың арнайы отырыстарын өткізіп, өңірлердегі проблемаларды қарастыруды және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай нығайтуға ықпал ететін шаралар қабылдауды тапсырамын.

Сондай-ақ, Премьер-министр Қалмұханбет Қасымовқа халық пен БАҚ алдында ашық болуды тапсырды. Журналистер арасында «ең жақсы қашатын» министр аталып кеткен Қасымов Үкімет басшысының сөзін екі етпеді. Отырыстан соң бірден брифинг өткізді. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі Денис Теннің өліміне қатысты тергеу амалдары аяқталуға жақын екенін жеткізді. Павлодар облыстық Ішкі істер департамент бастығы Амантай Әубәкіровке қатысты АҚШ азаматының шағымы да тергеліп жатқанын мәлімдеді.

Альбина Әшім, тілші:

- Үкімет отырысында өңірлік полицейлер сынға ұшыраса, астаналық тәртіп сақшылары, керісінше, сый алды. Мына зәулім ғимарат ресми түрде табысталды. Ішкі істер министрі алдымен жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Ал біз жағдайы жақсарып, жалақысы өскен, бесжұлдызды қонақүйдің ғимаратына көшкен тәртіп сақшылары енді істерін де тек беске орындайды деп сенейік.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу