Үкімет отырысында жастар арасындағы жұмыссыздық мәселелері талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысында жастар арасындағы жұмыссыздық мәселелері талқыланды

18.09.2018

Не білім алғысы келмейтін, не жұмыс істегісі келмейтін жауапсыз жастардың мәселесін қалай шешеміз. Бұл тақырып бүгін Үкімет отырысында көтерілді. Әлеуметтік ортада өзін керексіз санайтын жастардың саны 300 мыңға жуықтайды екен. Оларды қоғам өміріне тарту үшін Үкімет арнайы жол картасын қабылдаған. Бұл құжат бүгін Үкімет отырысында талқыланды.

Не жұмысқа жоқ, не білім алуға ұмтылмайтын жастарға Үкімет «ниетсіз жастар» деген сипаттама берген. Мұндай жастардың саны 300 мыңға жуықтайды. Кәдімгі бір облыс орталығының халқы. Қылмыс жасайтын да, өзіне өзі қол жұмсап, отбасынан безетін де осылар. Спортшы Денис Тенді өлтірді деп айыпталғандар да осы топтың өкілдеріне жатады. Тұрақты жұмысы жоқ, тұрғылықты жерін жиі ауыстырады, қылмыс жасайды. Бұл мәселе оңтүстік облыстар мен Маңғыстау, Қарағанды өңірлерінде өзекті. Бұл өңірдегі жастардың 10-13 пайызы осы топқа жатады.

Қазір әрбір облыста «Жас Отан» бастаған ұйымдарды айтпағанда жастар саяси басқармалары жұмыс істейді. Олар бұл мәселемен қолда бар құралдармен күресіп жатырмыз дейді. Бірақ, нәтиже шамалы.

Мирас Құттыбай, Қарағанды облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы:

- Енді 2016 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға төмендеді. Дегенмен де бүгінгі күні жастарымыздың белсенділігін арттыруымыз керек. Ойлап қарасақ, жұмыс істеймін деген адамға, оқимын деген адамға бүгінгі таңда облыс әкімінің гранттары бар, мемлекеттік гранттар бар. Өзін-өзі қайта оқыту бағдарламалары бар. Осының барлығы жұмыс істеп жатыр.

Үкімет қоғамда өз орнын таба алмаған жастарды жеті топқа бөліпті. Әрбір топ бойынша бүгін іс-шаралар жоспарын қабылдады. Мақсаты мен өмірлік ұстанымы жоқ жастарды азайту.

Бұл жұмысқа Үкіметтің әлеуметтік сала министрліктері де атсалыспақ. Қабылданған құжатта әрбір мекеменің жауапкершілігі нақты жүктелген.

Жастарды жағдайын жетілдіруге арналған құжат қаулысын үкімет мүшелері бір ауыздан қабылдады. Енді оны тек іс жүзінде жүзеге асыру жұмысы ғана қалды.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу