Бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Павлодар облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Павлодар облысына барды

14.09.2018

Сапар барысында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламаларының орындалу барысымен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағамдады.

Үкімет басшысы алдымен Екібастұзда болды. Стратегиялық нысандар шоғырланған шаһарда көмірді ашық әдіспен игеріп жатқан «Шығыс» кеніші бар. Жақында кен қойнауын толассыз аршитын кешен іске қосылды. Жаңа технология өндіріс көлемін 10 млн текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобаның құны 13 млрд. теңге. Бақытжан Сағынтаев өңірдің алдағы жылу маусымына дайындығы жайлы сұрап білді. Дерекке қарағанда қатты отын өндіру биыл 3,5 пайызға ұлғайған. Бүгінгі күні шамамен 18000 тонна көмір қоры дайындалды. Әр тоннасы 6 мың 500  теңгеден 17 000 мың теңге аралығында, еркін сатылып жатыр.

Бұдан кейін Премьер-Министр Екібастұздағы №36 лицей-мектебіне барды. Қаладағы оқу процесін цифрландыруды алғаш қолға алған білім ошағы. Бақытжан Сағынтаев мұғалімдер мен  оқушылардың ата-аналарымен ашық пікір алмасты.

Армангүл Алина, көпбалалы ана:

- Даярлық сыныпқа оқулықтарды тегін беру мүмкін бе? Мен алты балам болғандықтан, жыл сайын оқулық сатып алуым керек. Ол 15 мың теңне көлемінде болады. 

Ата-аналарға алаңдауға негіз жоқ, екі жылдан соң  даярлық сыныбына баратын барлық балаға  латынша жазылған әліппе тегін таратылады.   

Екі ай бұрын кеншілер шаһарында майнинг орталығы ашылды. Бұл кәдімгі криптовалюта өндіретін кәсіпорын. 16 адам ғана жұмыс істейтін мекеме 15 МегаВт электр қуатын тұтынады. «Қала маңындағы электр станцияларынан қуат алатын мұндай инновациялық жобалардың іске асып жатқаны құптарлық жағдай», - деді Премьер министр.

Түс ауа Үкімет басшысы Павлодарға келіп, еліміздегі ең ірі деректерді өңдеу орталығында болды. Дәл осы жерде ғаламдық желі тұтынушыларының серверлерінен келген мәліметтер сақталады. Ал, қажет жағдайда сол деректерді секундына 120 гигабайт жылдамдықпен кері қайтарып алуға болады.

Кәсіптік-техникалық білім беруді дамытудың жаңашылдығы түрлі-түсті метталлургия колледжінде айтылды. Оқу орны қашықтықтан оқыту арқылы аймақтағы ірі өндіріс ошақтарына тапсырыс бойынша мамандар даярлайды. Өткен жылы мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламасы бойынша колледж аумағында 200 орындық жатақхана салынды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер- министрі:

- Біздің студенттерді қалай оқытып жатқанымыз өте маңызды қазір. Бұл жерде көріп отырмыз станоктарды әкелудің еш қажеті жоқ. Оларды қалай меңгеру керектігі экран арқылы анық көрсетіледі. Яғни, барлық талаптарға сай. Негізі қазіргі уақытта жоғары оқу орындарынан гөрі кәсіби техникалық білім беретін колледждердегі оқу үрдісіне ерекше мән беріп қолдау көрсетуіміз керек.

Павлодар денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша ұщқыр жобаларды іске асырып жатқан аймақ. Облыстық жедел жәрдем стансасы елімізде алғашқы болып GPS және навигация жүйесін қолдана бастады. Бүгінде емханалар 660 мың тұрғынға электронды медициналық карта бойынша қызмет көрсетеді. Үкімет басшысы медициналық сақтандыру және саладағы басқа мәселелер бойынша дәрігерлермен кеңес өткізді. Одан кейін ірі сауда орталығында болып, кәсіпкерлермен кездесті.

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу