Атырау облысында қуатты мұнай зауыты салынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында қуатты мұнай зауыты салынуда

12.09.2018

Атырау облысында қуатты мұнай зауытының құрылысы қарқын алды. «Келешек кеңею» жобасы аясында салынып жатқан нысанның құрылысына осы күнге дейін 4 млрд. доллар қаражат жұмсалды. Кәсіпорын әлемдегі ең алпауыт өндіріс ошақтарының қатарына кірмек.

Жылына 27 млн. тонна мұнай шығарып келген теңіз кенішінде зауыт іске қосылса, «қара алтын» өндірісі 12 млн. тоннаға артпақ. 800-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Әзірге кәсіпорында 100 мыңға жуық адам екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі Шоқан Қасымханов. Оның мұнда еңбек етіп жүргеніне 8 жыл.

Шоқан Қасымханов, Екінші буын зауытының операторы:

-Қондырғылардың бәрін тексеріп шығамыз. Бұл жерде ең бастысы мұқият болу керек.

Зауыт құрылысына ғана 42 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Осының өзі-ақ өндіріс ошағының ауқымын көрсетеді. Жаңа нысан озық тәжірибеге сүйене жұмыс істейді деп көзделген. Италия мен Оңтүстік Кореядан заманауи қондырғылар әкелінген. 

Жандос Темірғалиев, тілші:

-Мына менің артымда тұрған құрылыс краны, әлемдегі ең алып көтергіш. Оның биіктігі 12 қатарлы үймен тең. 3500 тоннаға дейінгі салмақты көтеруге қауқарлы. Мұнымен жаңа зауытқа қажетті модульдерді көтереді.

«Зауыттың экологияға келтірер залалы да әлдеқайда аз болады», - дейді мамандар. Өйткені, жер қойнауындағы түрлі зиянды қоспалар сыртқа шығарылмайды.

Бұл жоба Теңіз кен орнындағы зауыттардың тегіс кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Құрылыс 2022 жылы аяқталмақ.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу