Жеңіс Қасымбек республикалық жолдардың сапасына қатысты сынға жауап берді

10.09.2018

Алдағы 7 жылда 12 мың шақырымға жуық жол ақылы болады. Бұл туралы бүгін Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты. Ведомство басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан өзге де жұмыстарға тоқталды.

Өткен 3 жылда халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы мен қайта жөнделуіне 932 миллиард 4 миллион теңге бөлінді. Соның нәтижесінде елдің барлық аймағында 5,6 мың шақырымнан астам жолға құрылыс жұмыстары жүргізілді. 1,8 мың шақырым жолда қозғалыс ашылды. Оның жұмыстарына 80 мың адам тартылған. Ал биыл 500 шақырым жолда құрылыс жүріп жатыр. Жыл соңына дейін оның 239 шақырымы салынып  бітпек.

Көрсеткіштер жақсы болғанымен, бүгінгі жиында автожол дамуына теріс әсер ететін мәселелер де айтылды. Депутат Нұртай Сабильянов қосымша баяндама жасап, жаңадан салынған жолдар көп уақыт өтпей-ақ, бірнеше рет жөнделетінін ашып айтты. Оның сөзінше, елімізде жол салу мерзімдері жиі бұзылады. 

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мәселен, 2016 жылға жоспарланған Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің Шымкент пен Тараз қалаларының арасындағы жекелеген учаскелерін реконструкциялау 2018 жылғы 1 қаңтарда әлі аяқталған жоқ. Ұзындығы 245 шақырым болатын Алматы-Талдықорған автожолын реконструкциялауды аяқтау 2015 жылға жоспарланған. Алайда, бұл жұмыстар биылғы жылды күтіп отыр.

Бұл ретте Жеңіс Қасымбек республикалық жолдардың сапасына қатысты сынға жауап берді. Оның сөзінше, жол салатын компаниялар тәуелсіз. Сондықтан, жолдарда анықталған ақаулар олардың беделіне ғана ықпал етеді. Атап айтқанда, жол салған мердігерлер жұмысына тек 3 жыл көлемінде ғана кепілдік береді. Кейін ол бұзылып жатса,  мәселені мемлекеттің өзі шешуіне тура келеді.

Жол мәселесі қашан да өзекті. Депутат Майра Айсина болса,  жол бойында үздіксіз байланыстың болуы маңызды деп есептейді.

Алдағы екі жылда республикалық маңызы бар жолдардың бойында халық үздіксіз ұялы байланыспен қамтылмақ.

Дарын Тұяқов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі:

- Ұялы байланыс операторларында 2020 жылдың соңына дейін жол бойында 2G байланыспен қамтамасыз ету жөнінде мемлекет алдында міндеті бар.

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында бұдан да өзге жаңашылдықтар айтылды. Мәселен,  алдағы 7 жылда Қазақстанда 12 мың шақырымға жуық жол ақылы болады. Оның негізгі бағыты Алматы-Қорғас, Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай. Құны - жеңіл автокөлікке 1 шақырымы 1 теңге көлемінде болмақ. Жүйе қыркүйек айында тестілік режимде іске қосылады.

Айта кетейік,  ақылы жол жүйесі Астана мен Бурабай аралығында енгізілген еді.  Сол учаскеден жыл сайын 1,5 млрд. теңге қаржы түседі.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу