Сирияда қалған балалардың туысқаны Ғанибет Тәжмағанбетова бүгін Астанаға келіп, құзырлы органдардың көмегіне жүгінді. Кешегі жаңалықтарымызда аға-жеңгесінен айырылып, олардың балаларын елге қайтаруға ниетті қарағандылық отбасы жайлы көрсеткен болатынбыз. Кейіпкеріміз Ғанибет Тәжмағанбетова елордаға келіп, құзырлы органдарға өтінішін тапсырды. Ал әу-бастан қолұшын созған Ұлттық арна тілшілері Ғанибетті қарсы алып, басы-қасында жүріп қайтты.
Ғанибет Тәжмағанбетова жаз бойы құзырлы органдарды жағалап жүр. Ағасы Еркін Бексейітов пен жеңгесі Индира Теміржанованың қайтыс болғаны туралы 5 жыл бұрын естіген екен. Ауғанстан билігінің айтуынша, қазақстандық ерлі-зайыпты Ауған-Пәкістан шекарасында қаза тапқан көрінеді. Алайда, олардың туған-туысқандары қаралы хабарға әлі сенгісі жоқ.
Ғанибет Тәжмағанбетова, Е. Бексейітовтың қарындасы:
- Ауғанстаннан хат келді, Пәкістаннан хат келген жоқ дейді. Екі мемлекеттің бірдей жауабы керек. Бәлкім, Пәкістан тірі деп хат жіберетін шығар. Өйткені, қайтыс болғанына ешқандай дәлел жоқ. Египетке оқуға кеткен. Ол жерде 1,5 жыл өмір сүрді, оқуына барып жүрген. 1,5 жылдан соң хабарсыз кетті. 4 айдан кейін хабарласты. Сонда айтқаны: «мен қазір Пәкістандамын. Менде ешқандай құжат жоқ. Барлығын тартып алды. Қазір азық-түлік сатып жүрмін», - деді. Сосын анам «балам, оқуыңды жалғастырмасаң, елге қайтсайшы», - деп айтты. Анам жазайық, бәлкім Үкіметтің көмегі керек шығар дегенде, «жоқ, мама шулатпаңыз, өз күшіммен келіп көремін», - деді.
Еркін Бексейітовтың соңғы қоңырауынан соң, ол жақта не болғанын туысқандары білмейміз дейді. Пәкістанға қалай, қандай себеппен кеткенін де айта алмай отыр. Тек араға бес жыл салып, Еркін мен Индираның балаларын асырап алған Айдана есімді келіншек байланысқа шығыпты. Ол балалармен бірге Сирияда қоршауда отырғанын хабарлаған. Ара-тұра балаларды туыстарымен сөйлестіреді екен.
Ғанибет Тәжмағанбетова, Е. Бексейітовтың қарындасы:
- Аделяміз үш жасында кеткен. Атасы мен әжесін танып отыр. Түркияда екі жыл өмір сүрген. Түркияда біраз қозғалыстар болып, Сирияға кеткен. 2014 жылдан бастап менің бауырларым сол Айдананың қолында.
Ғанибеттің айтуынша, дәл осындай бауырлары мен немерелерін Сириядан қайтара алмай отырған 100-ге жуық отбасы бар. Олар күнара «WhatsApp» желісіндегі топта хабар алмасып тұрады екен. Ғанибет Тәжмағанбетова сол отбасылардың аманатын арқалап келіп отыр. Астанаға келе сала бірнеше құзырлы органға өтінішін қалдырып, СІМ-нің консулдығының көмегіне жүгінді.
Ғанибет Тәжмағанбетова, Е. Бексейітовтың қарындасы:
- Тоқсан отбасының 135 кішкентай бүлдіршіні, біреуге немере болса, біреуге бауыр. Соларды жеткізу үшін жан-жаққа хат жазудамыз.
Ағасының ағаттығы ма, теріс ағымның арбауы ма екенін біле алмаған Ғанибеттің ендігі басты мақсат-арманы – тым болмаса, еш жазығы жоқ балаларды бауырына басу. Сириядағы сергелдеңнің ортасында қалған бүлдіршіндерге бір қадам жасау үшін алдымен олардың құжаттарын реттеу керек. Ол үшін туысқандары Ішкі істер департаментіне жүгініп, ДНК анализін тапсырмақшы.
Альбина Әшім, тілші:
- Сонымен, жат жерде қалып қойған қазақстандық балаларды елге қайтару мүмкін бе, жоқ па? Бұл сауалға ресми органдар әзірге жауап берген жоқ. Өйткені, Сыртқы істер министрлігі «оқиғаның анық-қанығын біліп алу керек»,- дейді. Ал, қандай да бір ақпар, жаңалық пайда болса, бізге сұхбат беруге уәде етті. Яғни, балалардың туған-туыстарына сабыр сақтап, олардың тілеуін тілеуден басқа амалы жоқ.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.