«Жатақхана жыры» қашан таусылады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жатақхана жыры» қашан таусылады?

04.09.2018

Жатақхана жыры. Бұл алматылық студенттердің жылдағы мұңы. Биыл да сабақ басталғанымен студенттердің дені әлі жатақханаға орналаспаған. Себебі, орын жетіспейді. Ал, алыстан келген кейбір жастар қазір көше жағалап, пәтер іздеп жүр. Армандаған оқуына түсіп, алаңсыз оқысам деп Алматыға барған жастарды қажытқан жатақхана мәселесі қашан шешіледі?

Әділхан - Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде оқиды. Жатақханада орын болмаған соң пәтер тауып беремін деген агенттікке 15 мың теңге ақшасын берген. Бірақ, қазір не пәтер жоқ, не ақша жоқ өзі алданып қалды.

Әділхан Дәулет, студент:

- Қыркүйек айы жақындағанда 1 бөлмелі пәтерді жалдау 80 мыңның үсті. Ал, 2 бөлмелі 120 мың. Сосын пәтер иелерінің көбісі студенттерді алмайды.

Ал, осы университеттің тағы бір студенті Тұнық Манарбекова 10 күн бойы жалдамалы пәтерде тұрған. Қазір ол 4 орындық бөлмелердің біріне қосымша төсек-орын қойғызып, 5-ші адам болып кіруге мәжбүр.

Тұнық Манарбекова, Қ.Сәтбаев атындағы ҚАЗҰТУ студенті:

- Қазір 5-ші жатақханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деді. Ол дайын болғанша бізді басқа жатақханаға орналастырып жатыр.

Университет басшылығының айтуынша, студенттерді осылай орналастырмаса, басқа амал жоқ. Өйткені, мұнда бар-жоғы 5 жатақхана бар. Оған 1678 адам сияды. «Бұл студенттердің 30 пайызын ғана қамтамасыз етуге жетеді», - дейді.

Ләззат Тастанбекова, Қ.Сәтбаев атындағы ҚАЗҰТУ Студенттер жатақханасының басшысы:

- Биыл бірінші курсқа 2300 баладай түсті. Орын жетіспейді. Енді бізге келген депутаттар жатақхана саламыз деп айтып жатыр.

Жатақхана мәселесі Алматыдағы барлық жоғары оқу орындарындағы күрделі түйткіл. Өйткені, еліміздегі әрбір үшінші студент осында оқиды. Қазір қалада орта есеппен 140 мыңдай шәкірт бар. Олардың 30 пайызы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген.

Қарлығаш Оспанова, қала тұрғыны:

- Жоғарғы оқу орындарының басшылары қайда қарап отыр? Өз студенттеріне жағдай жасау керек. Мынау деген сұмдық қой!

Мамандардың айтуынша, Алматыда жыл сайын бірінші курсқа түсетіндердің саны да артып келеді. Мысалы, былтыр 18 мың бала түссе, биыл 27 мың су жаңа студент келген.

Шыңғыс Бескемпіров, қалалық Жастар саясаты басқармасының жетекшісі:

- Бірінші курс биылғы жылы ерекше болып тұр. Себебі, жаңа айтып кеткендей Елбасының тапсырмасының аясында қосымша 20 мың грант бөлінген. Осы 20 мың гранттың 40 пайызы былай айтқан кезде осы Алматы қаласындағы жоғары оқу орнындарына тиесілі болды. Яғни, былтырғыға қарағанда грантқа түскен бірінші курс балалары 51 пайызға артты.

Қазір Алматыда 38 жоғары оқу орнының 93 жатақханасы бар. 2020 жылға дейін мамандар 20 мың орындық 37 жатақхана салуды жоспарлап отыр. Ол үшін 8 жоғары оқу орнына мемлекет меншігінен 5 гектар жер де бөлінген. Бірақ, олар толық салынып біткенше 2 жыл уақыт керек. Ал, оған дейін оқуға түскен жастар халық арасында «жетім бұрыш» аталып кеткен жерді жағалап, «жатақхана жырын» айта тұруына тура келетін сияқты.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу