Астанадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінің құрылысы неге әлі басталмай тұр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінің құрылысы неге әлі басталмай тұр?

31.08.2018

«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жарты жыл бұрын құрылысы жанданады деген «Шығыс» тұрғын үй кешенінің құрылысы неге әлі басталмай тұр? Бұл 6 жылдан бері өз үйлерінің құрылысы тұралап тұрған мыңдаған елордалықтың жанайқайы. Құрылысы 2012 жылдан бері тоқтаған «Шығыс», «Жағалау 3» және «Жағалау4» тұрғын үй кешендеріне 1500 үлескер қаржы құйған. Көбі қабырғасы тұрмақ, іргетасы қаланбаған үйлердің 100 пайыз төлемін төлеп тастаған.

Бағира Үсенованың үйі 8-қабатта. Пәтердің кілтін алуын алған. «Бәрі болады» деген уәдеге сеніп, үйін жөндеп, былтыр кіріп те алады. Бірақ, не су, не жылу, не лифт, не көрші жоқ. Бір кіреберісте жападан жалғыз өмір сүріп жатыр. «Алты жыл күткен үйіміз бұлай болады деп ойламадық», деп жиі күрсініп қояды.

«Шығыс» тұрғын үй кешенінде 400 пәтер сатылған. Әр пәтерде 3 адам дегеннің өзінде мыңдаған адамның тілегі бір құбырға келіп тіреліп тұр. Ол - жылу құбыры. Осы құбыр мына құбырға жалғанған күні «баспаналы болсам», деп басы қатып жүрген мыңдаған адамның арманы орындалып, өз үйлеріне кіріп кетер еді.

Проблемалы үйлердің құрылысын аяқтау үшін биыл ақпан айында бюджеттен 40 млрд. теңге бөлінген. Қаржы бар. Оны үлестіретін «Елорда құрылыс компаниясы». Компания құрылыстың жандануына рұқсат беретін бір парақ қағазға неге қол қоймай отыр? Бұл үлескердің көкейін тескен басты сауал. Мәселенің мәнісін білу үшін тұрғындар екі апта бұрын компания басшысымен жолыққан.

Уәлихан Досаев, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басшысы:

- Құрылысты аяқтау үшін қанша қаржы керектігін білу үшін құрылыс компаниясы тапсырған құжаттармен танысып жатырмыз. Біз айтқан ескертпелерді неғұрлым тез түзетсе, соғұрлым біз ширақ қимылдаймыз.

Бағира Үсенова, үлескер:

- Әкімдікте қандай адамдар жұмыс істеп жатыр? Неге өтірік айта береді? Бір жыл бойы өтірік естіп келеміз.

Ал, құрылысты бастап алып, аяқтай алмаған компания басшысы «құрылыс әне-міне жанданады», деп сендіріп отыр. Сергей Котляров басқаратын компания 12 тұрғын үй кешенінің тұралап тұрған құрылысын аяқтаймын деп өзіне міндет алған. Жобаның жалпы құны 17 млрд. теңге.

Сергей Котляров, құрылыс компаниясының директоры:

- Бұл өте ауқымды жоба. Сараптама мен келісімнен өтіп жатыр. Бастан-аяқ барлық құжаттарды тексеріп шығудың өзі үлкен шаруа. Қазіргі таңда жұмыс аяқталуға жақын. Бізге айтылған ескертпелерге сай кемшіліктерді түзеп жатырмыз. Алдағы күндері қол қойылады деп үміттенеміз.

Қыс болса қыр астында. Күн суығанға дейін орталық коммуникациялар тұрғын үйге тартылып үлгере ме, жоқ па оны уақыт көрсетеді.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ  

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу