Елімізге дүниежүзін велосипедпен шарлап жүрген италиялық жиһанкез Дарио Пиасини келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізге дүниежүзін велосипедпен шарлап жүрген италиялық жиһанкез Дарио Пиасини келді

31.08.2018

Қазір ол Алматы қаласын аралап жүр. Бір ай бұрын Ресейдің Ростов қаласынан шыққан саяхатшы Қазақстанға жеткенше 4200 шақырым жолды еңсерген. Жасы 70-ке таяса да, осыншама қашықтықты еркін бағындырып жүрген жиһанкезбен тілшіміз Амангелді Сейітхан кездесіп қайтты.

Әлемнің небір көрікті қалаларын көзімен көріп, велосипедпен басып өткен саяхатшы Дарио Пиасини Алматыға келе салып, дем алмастан көшелерін аралап кетті. Бірден қаланың орталық алаңына барып, «Тәуелсіздік» монументінің қасында суретке түсті.

Дарио Пиасини 12-13 жасынан бастап велоспортпен айналысқан. Сол кезде-ақ әлемді кезіп, жер шарын айналып шығуды армандаған. Бірақ, күнделікті тіршілік оған мүмкіндік бермепті. Кейін обыр ауруына шалдығып, оны жеңіп шыққаннан кейін бірден сол арманын жүзеге асыруға тырысқан. Осылайша, денсаулықты күту үшін салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысу керек екенін насихаттап жүр.

Дарио Пиасини, саяхатшы:

- Маған Қазақстанның кең даласы қатты ұнады. Қарасаң көз жетпейтін жазық дала адам қиялына қанат бітіреді. Тіпті, сол жолда келе жатып шаршағаныңды білмейсің. Қонақжай дастархандарыңыздың дәмі де ешкімге ұқсамайды.

Сапар барысында саяхатшы Түркістан, Тараз, Отырар, Шымкент сияқты қалаларды да аралап өткен. 21 ғасырдың басты экологиялық дерті - Арал теңізіне де арнайы соғып, құмда қалған кемелерді көрген. Ал, саяхатшымен бірге жүрген атақты режиссер Джанкарло Горбеллини болашақта осы Арал теңізі жайлы кітап жазып, деректі фильм түсірмек.

Джанкарло Горбеллини, режиссер:

- Қазақстан - Орталық Азиядағы тарихы ең бай мемлекеттердің бірі. Бұл жермен кезінде Ұлы Жібек жолы өткен. Ол туралы атақты италиялық саяхатшы Марко Полоның еңбектері арқылы күллі әлем біледі. Ал, қазіргі Арал проблемасы Орта Азиядағы ең үлкен мәселенің бірі. Сондықтан, біз тек қана саяхаттап өтпей, көрген-білгенімізді жазып-сызып басқаларға жеткізбекпіз.

Дарио Пиасини 10 жылдан астам уақытта ұзын-ырғасы 20 мың шақырымнан астам жол жүрген. Гималай тауының етегіндегі елдерді аралап, 5 мың метр биіктікті де бағындырған. Әлі де тоқтайтын ниеті жоқ. Келесі жылы Алматы қаласынан Ұлан-Батырға аттанбақ.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу