«Астана-Париж» велошеруіне қатысушылар Варшаваға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана-Париж» велошеруіне қатысушылар Варшаваға жетті

30.08.2018

Естеріңізде болса, жерлестеріміз «Шекарасыз спорт» деп аталатын әлеуметтік жоба аясында елордадан тамыздың 4-де жолға шыққан болатын. Көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін зағип жандар осы шараға қатысу арқылы-мүмкіндігі шектеулі жандардың шын мәнінде мүмкіндігі шексіз екенін көрсетуде.

Астанадан Ресейге өтіп, онан әрі Беларусьты шарлаған велошабандоздар 2200 шақырымды бағындырып, Варшаваға табан тіреді. 16 адамнан құралған команда екі адамдық велосипедпен сағатына 30 шақырым жүріп отырады.

Өмірде де, спортта да шекара жоқ екенін дәлелдегендердің бірі - Кенжеғұл Сейітжан. Зағип жігіт спорттың 5 түрімен, бизнеспен айналысады. АҚШ пен Ұлыбританияда білім алған оның әлі де арманы асқақ.

Кенжеғұл Сейітжан, велошеруге қатысушы:

- Жоспарым тауға өрлеуден чемпион болу, тандемнен Токиоға қатысу мүмкін болса, одан кейін голболдан чемпион болу. Тағы да үлкен арманым-келіншегіммен мен бала-шағам мен анамды дүние жүзін айналдыру, яғни, 100-ден аса елді оларға көрсету.

Тағдыр сынына мойымай, өмірден өз орнын табуға тырысқан жандарға Польшаның олимпиадалық, паралимпиадалық комитеттерінің ұжымы да ерекше құрмет көрсетті. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, қазақстандық батырларды баршаға таныстырды. Еліміздің осы мемлекеттегі елшілігінің ұжымы да жерлестеріне қонақасы беріп, тік тұрып қызмет етті.

Марғұлан Баймұхан, Қазақстанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Бұлар велосипедпен жүріп қалаларды жай өтіп жатқан жоқ, поляктармен сөйлесіп, жаңа Қазақстан туралы айтып жатыр. Қандай өзгерістер, бағдарламаларымыз бар, қандай нәтижеге жетіп жатырмыз, соның бәрін көрсетуде.

Мечислав Новицки, Польша олимпиадалық комитетінің вице-президенті:

- Бұл керемет бастама. Бұрын өзім велосипедші болғандықтан мұндай шараны ұйымдастыру оңай емес екенін білемін. 6 елдің шекарасынан өтіп, шерушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзі үлкен жауапкершілік. Құттықтаймын. 

Мыңдаған шақырымды қос дөңгелекті арбамен бағындырған қазақстандық велошерушілердің ерік-жігеріне Польшаның велотандемнен әлем чемпиондары да таңдай қақты. Келесі жылы олар да Астанаға велосипедпен барсақ деп отыр. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Жиһанкездердің Польшаға сапары осымен тәмам. Қазір олар Германияға бағыт алды. Елдің Франкфурт, Берлин қалаларын аралап, 8 қыркүйекте Франция астанасы Парижде шараны қорытындылайды. Ендеше, рухы мықты, жігерлі жерлестерімізге сәт сапар.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

 

Хабарламаларға жазылу