Астана қаласының мешіттері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық шарасын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана қаласының мешіттері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық шарасын өткізді

27.08.2018

Жас жеткіншектердің мектепке толық баруын қамтамасыз ету туралы Елбасы тапсырмасының орындалуы басты назарда. Оның аясында 1 тамыздан бастап еліміз бойынша «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы жүріп жатыр. «Нұр Астана» мешітінде 200-ден астам отбасыға көмек көрсетілсе, «Әзірет Сұлтанда» тұрмысы төмен балалар қажетті киім-кешек, құрал-жабдықтармен қамтылды.

Гүлшат Жұмағалиева 9 баланың анасы. Жыл сайын «Нұр Астана» мешіті ұйымдастыратын ізгілік шарасына қатысады. Мектеп жасындағы балаларына құрал-жабдық алып, балақайлардың керек-жарақтарына кететін шығынды азайтып, осылайша сәл де болсын көмек көреді.

Гүлшат Жұмағалиева, қала тұрғыны:

- Әкімдік, мешіттің тарапынан осындай көмектер беріледі. Балаларымыз өте қуанышты. Осындай іс-шаралар бола берсін. Жалғыз «Мектепке жол» акциясы аясында емес, кешегі өткен Құрбан айт мерекесінде де жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларды назардан тыс қалдырмайды.

Алланың үйінде ақ ниетпен көрсетілген қайырымды істе берекет бар. Биыл Астана қаласы бойынша 1200-ден астам оқушыға көмек көрсетілді. Былтырғымен салыстырғанда, 400 отбасыға көбірек қамтылды. «Бастысы, балаларға мейірім мен қуаныш сыйлау, білімге деген ынталарын ояту», - деген имам бүлдішіндерді мейірімді, парасатты азамат болуға шақырды.

Асқар Мұқанов, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы:

- Жалпы, «Мектепке жол» акциясын тек қана мешіттер емес, басқа да кәсіпорындар, кәсіпкерлер жүргізуіне болады. Егер ондай жағдайлар болса, келіп, бізден мекенжайларын алып, өздері тікелей көмек жасауларына болады.

Кез келген бүлдіршіннің мектептен қалмауына, ілім-білім жинауына сәл де болсын септігін тигізген сауапты салтанат арнайы Құрбан айт мейрамы кезінде өткізілді. Бұдан өзге, Айт кезінде мешіт тарапынан 2,5 мың жанұяға және 20 шақты қайырымыдылық мекемесіне 20 тоннадан астам ет тегін таратылды.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу