Астанада автобус карталарын сатып алғандар саны 91%-ға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада автобус карталарын сатып алғандар саны 91%-ға жетті

22.08.2018

Астанадағы қоғамдық көліктермен жүруге сараланған тариф енгізілгелі бері 1 ай уақыт өтті. 30 күннің ішінде карта пайдаланушыларының саны 91 пайызға дейін жеткен. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде осы карта қолданысы күнделікті тұрмыстың бір бөлшегі іспеттес. Ал, елорда жұрты  жаңашылдықты әзірге түрлі қиыншылықтармен қабылдап жатыр. 

Қаланың сол жақ жағалауындағы автобус картасын толтыратын терминалдардың айналасындағы ұзын-сонар кезек сейілер емес. Күнделікті көрініс осы. Қай-қайсысы да 180 теңге төлеп жол жүргісі келмейді. Тұрғындар картаны толтырып алайын дегенше, автобусқа қол бұлғап қаламыз,- деп наразылықтарын білдіріп отыр. 

Жауапты «Астана LRT» компаниясы өкілдерінің сөзінше, осы карта жүйесі енгізілмес бұрын, бастапқыда қала бойынша 200 терминал орнату жоспарда болыпты. Алайда, бүгінде шаһарда ондай техника тек 30 жерде ғана бар. Қалғаны қашан орнатылатынын компания өкілдері өздері де нақты айта алмай отыр. Дегенмен, төлемнің осы түрінен өзге, «Qiwi», «Kaspi», «Каса 24» сияқты электрондық жүйемен де толтыруға болады. Алайда, ол арқылы салынған ақша картаға бірден түспейді екен.

Нұржас Сұлтамұратова, қала тұрғыны:

- Картаны мынандай терминал арқылы  толтыруға болады. Бірақ, мына салып жатқан ақша тек ертең түседі. Өте ыңғайсыз. Маған банкомат, телефон арқылы төлеген қолайлы болар еді.

Дәурен Нұралиев, «Астана LRT» ЖШС басқарушы директоры:

- Жалпы, жаңадан жүйе енгізілгенде адамдарға түсініксіз болуы мүмкін. Бірақ, біз максималды түрде насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Халық бұған үйрену керек. Үйреніп те келе жатыр деп ойлаймын.

Астана халқының 35-40 пайызы қоғамдық көлікпен қатынайды. Сараланған тариф енгізілгелі бері, екі аптаның ішінде көлеңкелі айналымнан табыстың 15 пайызы шыққаны анықталған. Мұның өзі жағдайдың реттеліп келе жатқанының белгісі болса керек.  «Сондықтан, жаңа жүйе бір ізге түскенше, қала тұрғындары шыдамдылық танытқандары жөн»,- дейді көлік-логистикалық компаниясы.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу