Кәсіпорын қуаты жылына 1 миллион тонна өнім өндіруге жетеді. Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының негізінде қолға алынған жобаның құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр.
Зауыт құрылысына бөлінген жердің жалпы аумағы 50 гектар. Оның басым бөлігі өндіріс орнына берілсе, жұмысшылар қалашығының өзі 4 гектар жерді алады. Жобаның бас мердігері – қытайлық компания. Алайда, құрылысшылардың көпшілігі жергілікті азаматтар.
Болатбек Ысмағұлов, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары:
- 800-дей адам жұмыс істеп жатыр. Оның жартысынан көбі жергілікті ауданның тұрғындары. Ал, зауыт іске қосылған кезде жалпы 230 адам жұмыс істейтін болады деп жоспарлануда. Олар тұрақты жұмыспен қамтылады. 90 пайызы жергілікті халық.
Зауыт желтоқсан айында ашылады. Сол кезде күніне 2,5 мың тонна өнім өндіріледі. Тампонажды цемент құрылыс, мұнай-газ және уран өндірісіне аса қажет тауар. Сондықтан, дайын өнімнің 70 пайызы ішкі нарықты қамтыса, артылғаны ТМД елдері мен Қытайға экспортталады.
Уджун Хуа, «Гежуба-Шиелі цемент» кәсіпорнының директоры:
- Тампонажды цемент әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Әсіресе, мұнай және атом саласына аса қажет компонент саналады. Отандық өнімге қажетті шикізаттың 98 пайызы осы өңірде бар. Құм, доломит, әк және қиыршық тас осы жерде жеткілікті, тек 1-2 пайыз қоспалар ғана сырттан әкелінеді.
Кәсіпорынның ерекшелігі - қоршаған ортаны ластамайды. Өндіріс кезінде бөлінетін көмірқышқыл газы арнайы сүзгіден өтіп, тазартылады. Мұндай замануи технологияны келешекте жергілікті мамандар басқарады. Сол үшін қазір сырбойының 68 азаматы Қытайда оқып, тәжірибе жинақтап жатыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.