Қарағандыда 12 мың зейнеткер қоғамдық көлікте тегін жүру құқығынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда 12 мың зейнеткер қоғамдық көлікте тегін жүру құқығынан айырылды

08.08.2018

Олардың қатарында көпбалалы аналар мен мүгедек жандар да бар. О баста өмір бойына тағайындалған жеңілдіктің енді аяқ асты жарамсыз болып қалғанына жұрт ашулы.

Қоғамдық көлікте тегін жүру құқығынан айырылғандардың бірі - жеті баланың анасы Нәбира Исабаева. «Алтын алқа» иегері осыған дейін қала автобустарына тегін мініп жүрді. Алайда, келесі айдан бастап қоғамдық көліктің жолақысына 50 теңге төлеуі тиіс. 

Нәбира Исабаева, көпбалалы ана:

- Тегін жүру құқығын беріп еді. Енді оны да алып қойды. Сонда бізге «Алтын алқаны» не үшін берді?

Нәбира секілді жеңілдіктен қағылған 12 мың азамат енді жолақы билеттерін 1 қыркүйекке дейін ауыстыруы керек. Қоғамдық көлікке өзге жұрт секілді 80 теңге емес, 50 теңге төлеуге мүмкіндік беретін құжатты алу үшін қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қалың кезек. Әсіресе, зейнеткерлер мен кембағал жандар үшін құжат ауыстыру оңайға түспей тұр.   

Татьяна Разговорова:

- Дұрыс ақпарат беру керек. 50 теңге жеңілдетілген билетімді ауыстыру үшін ХҚКО жарты күн отырдым. Алайда, біреу анда жібереді, біреу мұнда жібереді. Аяғында, «ауыстырмаса болады», дейді. Не деген масқара, сенделтіп қойды.

Әлеуметтің әлжуаз тобының қоғамдық көлікте тегін жүру құқығынан айырылуын сала мамандары жаңа ережемен байланыстырады. Енді 50 мың теңгеден артық зейнетақы алатын азаматтар қоғамдық көлікте бұрынғыдай тегін жүре алмайды. 

Ескендір Қабидолла, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- 1 шілдеден бастап зейнетақы өсті. Қайта есептеу бойынша 12 мың адамның зейнетақысы 21 АЕК-тен артып отыр. Яғни, 50 мың 505 теңгеден көп. Сондықтан, олардың барлығы жолақысына 50 теңге төлеуі тиіс.

Соңғы аптаның дерегіне сүйенсек, 3500 қарағандылық жаңа жолақы билетін алуға өтініш беріп үлгерген. Қазір қаладағы автопарктер мен «Қазпоштаның» бөлімшелерінде жеңілдетілген жолақы билеттері беріле бастады. Десе де, қарапайым жұрт билік бұл шешімді қайта қарап, әлеуметтік жеңілдікті қайтарады деп үміттенеді.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу