Оралда қариялардың ішімдікке әуес болғаны кісі өліміне себеп болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда қариялардың ішімдікке әуес болғаны кісі өліміне себеп болуы мүмкін

02.08.2018

Оралда Қарттар үйіндегі кісі өліміне қариялардың ішімдік ішкені себеп болуы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, 31 шілде  күні әлеуметтік орталықта  61 жастағы қария пышақ жарақатынан қаза болған еді. Мұндағы тұрғындар   жаға ұстатар жайтқа тәртіпсіздікке көз жұма қараған мекеме қызметкерлері кінәлі деп отыр.

Қайғылы жағдай дәл осы бөлмеде болған. Жомарт Өтеғалиев пен Хамит Қожбанов екі аптадай ғана бірге тұрған.  Сол күні 61 жастағы зейнеткерді дәлізде қансырап жатқан жерінен кезекшілер тауып алады. Алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Алайда, кеуде тұсын тіліп өткен ауыр  жарақаттан қария көз жұмған. Орталықтағы тұрғындардың айтуынша, жазатайым оқиғаға қариялардың ішімдік ішкені себеп болуы мүмкін.

Бисенғали Сұлтанғалиев, зейнеткер:

Үлкендер бірігіп арақ ішіп тұрады. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Ең болмағанда күндіз не істеп жатыр екен деп қарап кетуге болар еді.

Қариялардың  арақ  құмар болғанын мекеме мамандары да растап отыр. Күдікті ретінде қамауға алынған Хамит Қожбанов Қарттар үйіне биыл қаңтарда қабылданған. Бұрын сотталған. Қанды оқиғадан кейін орталықта тәртіп күшейтіліп, бақылау жиілеген.

Людмила Сарычева, Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

Мұндай жағдайдың болғанына өкінеміз. Қазір сол күні кезекшілік атқарған қызметкерлерден түсініктеме алып жатырмыз. Өйткені, бұдан былай қандай да бір қателіктерге жол берілмеуі керек.

Басты күдікті ретінде ұсталған 71 жастағы қария қазір уақытша тергеу абақтысына қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, сот алды тергеу амалдары жүруде.

Назерке ТОҒЖАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу