Омбыда қазақ майдангерлеріне ескерткіш қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Омбыда қазақ майдангерлеріне ескерткіш қойылды

17.07.2018

31 соғыс және 41 тыл ардагерінің есімін тасқа таңбалап жұрт жадында жаңғыртуға ұрпақтары күш салды. Олар жеңісті жақындатуға жан аямаған Бақабас ауылының тумалары. Таза қазақ отбасылары қоныстанған мекен қазір жазық дала ғана. Бірақ, бір ауылдан түлеп ұшқандар өткенін ұмытқан емес.

Бұлар табиғат аясына емес, бір кездері мекендеген жеріне келді. Бөтен адам жоқ. Бәрі көрші тұрған, көбісі туыс. Бірақ, уақыт өте түрлі жағдаймен жан-жаққа көшіп кеткен. Қазір мұнда Бақабас ауылы болды деуге сену қиын. Дегенмен, жұртшылықтың жиылу себебі де сол. Аталарын еске алу, олар қоныстанған орынды айқындап ескерткіш белгі қою.  

Александр Лямзин, Есілкөл ауданының басшысы:

- Жүрек қалауларымен қаржы жинап, еңселі ескерткіш орнатты. Бұл Бақабас ауылына, оның тұрғындарына арналған мемориал. Біздің аудан тұрғындары мен қонақтарымыз ғасырлар бойы олардың ерліктерін ұмытпайды.

Бақабас Омбы облысы Есілкөл ауданына қарасты ауыл болды. Қазір тұмса табиғат қана. Міне, осы жерден қиян-кескі ұрысқа аттанғандардың 17-сі аман келді, 14-і сонда ажал құшты. Осылайша, бес гранит тақтаға 31 майдангер мен 41 тыл ардагерінің есімі қашалып жазылды.

Ескерткіш тақта тізіміндегі есімдердің 70%-ы  - Бейсенбай ақсақалдың есінде. Сексеннен асқан қария  - ауылдастарының арасында ең үлкені. Оны жұрт «энциклопедияшы», -дейді. Себебі, ұлының жер мен ердің атын өшірмейік, өскелең өренге жеткізейік деген өтінішіне ерекше көмек еткен. 

Сондай-ақ, шара барысында ауданға еңбегі сіңгендер мен алтын құрсақты аналарға алғыс хат, сыйлықтар табыс етілді. Осы аралықта екі жылқының еті 4 қазанда былқып пісіп жатты. 

Соғыс құрбандарының рухына арнап 500 адамға ас берілді. Қазақпен қоңсы отырған орыстар жылқы етіне әбден үйренген. Тек етіне емес, дәстүрлеріне де құрметпен қарайды. Көптен көріспеген көрші-көлем концерт тамашалап, сағыныштарын басты. 

Ескерткішті ауылға кіреберісте жолдың жиегіне орнатқан. Өткен-кеткен білсін, өрендерге өнеге болсын деген ниетте.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу