Басты Жаңалықтар Астанада жолдар салынып, қозғалыс реттелуде

Астанада жолдар салынып, қозғалыс реттелуде

Астананың жолдарындағы қозғалыс келер жылдың аяғына дейін толық бақылауда болады. Бұл туралы бүгін жауапты мекемелердің басшылары айтты. Қаланың әр көшесінде арнайы құрылғылар орнатылуда.

Сондай-ақ, шағын көшелерде жаңадан шағын жолдар салынып жатыр. Бүгін Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев осындай жұмыстардың барысын бақылап, дайындықты пысықтады.

Астанада өне бойы жанып тұратын бағдаршамдар орнатылуда. Әзірге екеуі қойылған. Екі айдан бері сол бағдаршамдардың маңайында жол апаты болмапты. Алдағы уақытта тағы 11 бағдаршам қою жоспарланған. Қаланың шағын аудандарында шағын жолдар салынуда. Биыл 15 көшеге жол түскен. Жыл соңына дейін тағы 50 көшеде жол салынбақ.

Асхат Қарағойшин,  Қалалық көлік жолдары басқармасының басшысы:

- Келесі жылы әкімнің тапсырмасы бойынша біз барлық жерге асфальт салып бітіруіміз керек.

Қазір Астананың оннан аса көшесінде жолдар мен инженерлік желілер салынуда. Көпірлер мен көп жолақты жолдар түсуде. Осындай ауқымды жұмысты қала әкімі арнайы барып аралап, бағамдады.  Жолдар мен көшелер сапалы салынғанның өзінде оған тұрақты бақылау керек. Ал, «Астана LRT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сол міндетті атқарады. Олар қаладағы жолдарға жаңа радиодетектрлер орнатты. 300 құрылғы бар екен.

Бейбіт Есжанов, «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары:

- Бұрын біз бір учаскеде қанша уақытта қанша көлік өткенін нақты айта алмайтын едік. Қазір жаңа құрылғылардың көмегімен саны мен дәл уақытын нақты анықтай аламыз.

Келесі жылы Астанадағы көлік қозғалысын толықтай бақылауға алу жоспарланған. Сәйкесінше, қай көшені кеңейтіп, қай жерге жол салу керектігін анықтап отыруға болады. Бұдан бөлек, «iKomek» атты мониторинг және жедел әрекет ету орталығы шаһардағы қозғалыс пен тәртіпті бақылауға сеп болып отыр. 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Бөлісу