Қызылордада ауа температурасы 50 градусқа дейін көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада ауа температурасы 50 градусқа дейін көтерілді

10.07.2018

Аптап ыстық тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр. Жедел жәрдем мен Төтенше жағдай қызметі күшейтілген режимге көшті.

Қалалық Жедел жәрдем станциясының бригадаларына дамыл жоқ. Күндіз де, түнде де шақырту көп. Тәулігіне орта есеппен 1500 адам дәрігер көмегіне жүгінеді.

Толқын Жұмаділдаева, оперативтік бөлімнің аға дәрігері:

- Күн өту, жүрек ауру, қан қысымы асқынулары, іш ауруы көбейіп жатыр.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы науқасқа толы. Ішек аурулары бұрын балалар арасында жиі кездессе, биыл ересектер де жұқпалы дерттің зардабын тартуда.

Жансая Жанатова, бөлім меңгерушісі:

- Ересектер арасында гемоколит, ішек инфекциялары орын алуда. Ауыр жағдайлар тіркелуде. Тағамды инфекциялар мен шок жағдайында түсіп жатқан науқастар көп.

Аптап ыстықтан қорғанған жұрт суға түсіп, бойларын сергіткісі келеді. Бірақ, оның да соңы қайғылы жағдайға әкеп соғуда. Облыста екі күннің ішінде 5 адам суға батып кеткен. төртеуінің денесі табылды.

Бақыт Ембергенов, «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» ММ басшысы:

- Шіркейлі каналының ағысы қатты және суға түсуге бейімделген жер емес. Судың астында қараңғы жерде жүрген сияқты боласың.

Ұялы телефонға күн сайын хабарлама келеді. Шіліңгір ыстықта мас күйде суға шомылуға болмайды деген ескертуге қарап жатқан ешкім жоқ. 

Термометр көрсеткіші + 43-ті көрсетті. Яғни, Қызылорда жұртшылығы үшін күн сәл де салқындады. Бірақ, синоптиктер «шіліңгір шілденің ыстығы айдың аяғына дейін жалғасады», дейді.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу